“БасТайм” зияткерлер ойнының бірінші маусымында Жыл бойы көп ұпай жинаған алты команда финалға өткен еді. Бірінші орынды «ҚТ*Муза» командасы алса, Екінші орын жалғыз өзі бір команда болып ойнаған «Тобыл» футбол командасының медиа офицері Қасқырбай Қойшымановқа (“Ерцман” командасы), үшінші орын Әсел Жұмағалиқызы бастаған Қоғамдық даму басқармасының “Асылтас” командасына бұйырды.
«Бұл ойын Қазақстанның бес қаласында өтіп келеді. Келесі маусымды ақпан айында бастаймыз деп отыр. «Бұл өзі не ойын? Онда не істейсіңдер? Қандай сұрақтар болады?» деп сұрайтындар көп. Оларға келіп көріңіздер дейміз. Танымал фильмдерді, музыка туындыларын, тарихты, әдебиетті, географияны, спортты аздап болса да білсеңіз, қазіргі жаңалықтардан хабардар болсаңыз, қорықпай келе беріңіз. Логикаңыз көп көмектеседі. Бұл қаламызда енді қалыптасып келе жатқан жақсы мәдениет, қызық демалыс түрі. Көп нәрсе біліп, танымыз кеңіп қайтады», – дейді осы іс-шараның басы-қасында жүрген Марғұлан Бәкір.
Жеңімпаз командаларды марапаттап, келесі маусымға сәттілік тіледі.
«Команда газетіміздің атауы “Қостанай таңы” және “муза” деген екі сөзден құралған ( «ҚТ-Муза»). Сайтымызда осындай айдар бар. Өңірден шыққан ақындар мен жыршыларды шығарып тұрамыз. Бұл – бір. Екіншіден, алғашқы ойында арамызда бір музыкант, күйші Мәлік Нұрғалиев болған соң, бәрімізге ортақ атауға тоқтадық. Кейін қатарымызға тағы бір музыкант Серікболсын Әбікенов қосылды. Ал белгілі ақындар Абылай Мауданов пен Жандос Жүсіпбеков команданың негізгі мүшелер екенін жақсы білесіздер», – деді топ жарған команданың капитаны Аслан Қанғожин.
Ойынға қосылу бағасы – бір адамға 2 000 теңге. Салыстырып айтсақ, орыс тілінде жүргізілетін “Мозгобойня” ойыны 2500 теңгеден.
Осы орайда, жеңімпаз болған әріптестерімізді құттықтап, алдағы күндері де биіктен көріне беріңіздер деген тілек білдіреміз.