Жаңа жыл – ең әуелі балдырғандар үшін ғажайып мереке. Ал қуанышты сәтті асыға күткен жеткіншектерге арнап шырша думанын ұйымдастыру – жылдағы дәстүр. Қостанайдағы Президент шыршасы биыл да өңірдің кішкентай тұрғындарын шаттыққа бөлеп, сый-сияпатқа кенелтті.
«Жастар сарайы» ғимаратында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен жаңа жылдық көңілді мереке өтті.
Оған 9-13 жас аралығындағы балалар, атап айтқанда, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балдырғандар қатысты. Жыл бойы білім, өнер және спорттан ерен жетістіктерге жеткен дарынды оқушылар да мерекелік іс-шараның басты меймандары.
Әрқайсысының жаңа жылдық киім үлгісі, әсем безендірілген шырша алаңы көздің жауын алады. Жүздері бал-бұл жайнаған балғындардың ғажайып оқиғадан үмітті болып отырғанын аңғару қиын емес. Олар ең әуелі облыс әкімін ду қол шапалақпен қарсы алды. Өңір басшысы балаларды ел Президенті атынан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Қымбатты балалар, осы керемет оқиғаны сіздермен бөлісіп отырғаныма қуаныштымын! Бұл мейрамды балалардан бастап, ересек адамдарға дейін ерекше дайындықпен күтеміз. Өткен жылда атқарған істерімізге есеп беріп, болашаққа мақсат қоямыз. Жаңа жылды қарсы алу осынысымен қызықты, маңызды. Іс-шараға облыс көлемінен жиналған әрқайсыңыздың орындарыңыз айырықша. Жас та болса әр салада өте көп нәтижеге жеткендеріңіз бар, біз одан хабардармыз. Сол үшін бәріңізге алғысымды білдіргім келеді. Жаңа жылда жақсы тілек тілеңіздер, бәрі орындалады. Тек ол үшін аздап күш-жігер жұмсасаңыздар болғаны», – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұдан соң мерекелік бағдарламаға кезек берілді. Жас өнерпаздар әзірлеген көңілді билер, цирк, акробатика қойылымдары, фокус, иллюзия көріністері, үлкен қуыршақтар шоуы, интерактивті сұрақ-жауап ойындары – қай-қайсысы да кішкентай көрермендерді таң-тамаша етті. Кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастап, барлық бала жаңа жылдық көңілді әуенмен шырша алаңын шеңберлей айналды. Мерекенің басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар да думанның көрігін қыздыра түсті.
«Президент шыршасына қатысуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Өзім күткендей бәрі керемет, өте қатты ұнады. Ұзақ уақыт есімде сақталары сөзсіз. Осындай тамаша мереке ұйымдастырып бергені үшін Қасым-Жомарт атаға рахмет айтамын», – дейді Қостанайдағы №24 мектеп оқушысы Сабина Әйміш.
Қатысушылар арасында жылды зор табыспен аяқтаған жеткіншектердің бірі Қарабалық ауданынан келіпті. М.Сералин атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Мәулен Биахметов білім мен спортты ұштастырған батыр екен. Облыстық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеттен және қазақ күресі мен дзюдодан жеңімпаз атанған.
«Осы жыл мен үшін сәтті өтті. Оқуда озат болып, спортта топ жардым. Бұл мерекеге шақырту алғаным мені одан сайын шабыттардыра түседі деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан жақсы оқып, болашақта еліміздің көркейе түсуіне үлес қосуға уәде береміз. Жаңа 2024 жылы барлық арман тілегіміз орындалсын», – деп ағынан жарылды Мәулен.
Әлбетте, балдырғандар шырша мерекесінде сый-тартусыз қалған жоқ. Барлық қатысушыға Президент атынан ұялы телефондар, тәтті толы қоржындар, қазақ аңыз-ертегілері жинағы және мерекелік ашық хаттар табыс етілді. Іс-шара соңында балдырғандар облыс басшылығымен естелік суреттерге түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ