ҚР Оқу-ағарту министрі Білім күнімен құттықтады

ҚР Оқу-ағарту министрі Білім күнімен құттықтады

Бүгін 2024-2025 оқу жылының жаңа парағы ашылды. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандықтарды Білім күнімен құттықтады.

“Еліміздің барлық өңірлерінде Білім күнін асыға күткен 3,9 млн бала сүйікті мектебімен, ұстаздарымен қайта қауышты. Мемлекет оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасауда. Бүгін 90 мыңға жуық оқушы су жаңа мектептерде оқу жылын бастайды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынғандары да бар. Ал 200 мыңнан астам бала күрделі жөндеуден өтіп, қайта жабдықталған мектептерде білім алады”, – деді министр.

1 қыркүйек – алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған балалар үшін ерекше мереке. Министрдің айтуынша, биыл бірінші сыныпқа 352 мың бала қабылданған. Ал 11 сыныпқа өткен 219 мың оқушы мектептегі оқуын аяқтамақ.

“Дәл осы күні ұстаздардың өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі орасан еңбегін де атап өткім келеді. Ұлттың ағартушы ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз – ұлт келбеті» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан ағартушылық миссиясын адал атқарып жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты түрде жоғары бағалануы тиіс”, – деді министр.

Жаңалықтармен бөлісу