Қостанайлық кәсіпкерлер қолданыстағы салық мөлшерлемесін төмендетуді сұрайды

Қостанайлық кәсіпкерлер қолданыстағы салық мөлшерлемесін төмендетуді сұрайды

Қостанайлық кәсіпкерлер қолданыстағы салық мөлшерлемесін төмендетуді сұрап отыр.  Ал, бюджеттің шығынға ұшырауы мүмкіндігін алға тартқан құзырлы мекеме бұған келіскісі жоқ.

 Естеріңізге салайық, бөлшек салық өткен жылы шағын және орта бизнесті қолдау үшін енгізілді. Содан бастап 114 пункт бойынша кәсіпкерлер айналымның 3% -ін төлеп келген. Биыл мөлшерлеме  4% – ке өсті.  Ал көрсетілетін қызмет саны 190-ға дейін артқан. Егер бизнес стандарттарға сәйкес келсе, онда арнайы  салық режиміне кез келген  уақытта өтуге болады. “Сіз кез  келген айда салық режимін өзгертуге өтініш бере аласыз.  Бірақ,  егер маусым айында хабарлама берілсе, онда бөлшек салық 1 шілдеден бастап күшіне енеді”, – дейді Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг бөлімінің басшысы Рүстем Құсалин.

Оның айтуынша, қазір мемлекеттік кірістер органдары мен мәслихат, бизнес өкілдері арасында салық мөлшерлемесін 4% – тен  2% – ке  дейін төмендету мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. 1 шілдеге дейін бұл мәселе шешілуі тиіс.  Алайда, бұдан кім ұтады, кім ұтылады? Белгісіз. басымдық  кімнің пайдасына әлі белгісіз. Мәселе  өңірлік кәсіпкерлер палатасында егжей-тегжейлі талқыланды.

– Қолда бар деректерге қарағанда  облыста 58 салық төлеуші бөлшек салыққа көшкен. Оның 37-сі тек Қостанайда тіркелген. Біз 2022 жылдың екінші жартыжылдығында айналымдағы салықтарды 4% мөлшерлеме бойынша есептедік. Ол  112 млн 200 мың теңгеге жетті. Егер салық 2% – ке дейін төмендесе, онда сома шамамен 87 млн теңге ғана болады, – дейді Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Теміржан Ғұбайдулин.

Оның айтуынша, тек облыс орталығында 24 мың жеке кәсіпкер жұмыс істейді. 13,3 мыңға жуығы қызмет түрі бойынша бөлшек салыққа жатады.

– Олардың арасында “оңайлату” бойынша жұмыс істейтіндер де бар. Егер олардың  жарты жыл ішінде табысы 82,9 млн теңгеден асып кетсе, онда 10% ставка бойынша салық салынып, жалпыға бірдей белгіленген режимге көшеді. Мен бұл жерде жалпы белгіленген режимде  20% КТС, 10% ЖТС және 12% ҚҚС есептелетін ЖК туралы айтып отырған жоқпын.  Олар жаппай бөлшек салыққа ауыса бастаса, онда бюджетке  едәуір салмақ түсіреді, –деді Т. Ғұбайдулин.

ШОБ өкілдері мұнымен келіскісі жоқ.  2020 жылдан бастап кейбір тауар 100-ден 150%-ке дейін қымбаттаған. Бизнеске айналым қаражаты жетіспейді.

– Бөлшек салық ставкасын төмендетуді негіздеу үшін есеп айырысуды жүргізген алматылық әріптестердің есептеулері бойынша бүгінгі таңда орташа табыс 180 мың теңге шамалас. Бізде де осындай жағдай бар: кәсіпкердің 20% – тік табысы айына шамамен 120 мың теңге болады.  Бұл өзін – өзі жұмыспен қамтып отырған жанның табысы, – дейді кәсіпкер Людмила Антонян.

Ол тұрғын үйлерде орналасқан дүкендердің кірісі шамалы екендігін айтады. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар тауарлардың  үстемеақысы  15% – тен  аспауға тиіс.

Біз тіпті күнделікті сатылатын 50 пакет сүтке 10%  қосамыз.  Ал жыл аяғында  62 мың теңге шығынға батамыз. Нан пакеттері үшін ақша алуға құқығымыз жоқ, оларды да көп мөлшерде сатып аламыз. Мұның бәрі микробизнесті нарықтан шығаруға әкеледі, – дейді кәсіпкер.

Облыстық мәслихат депутаты Махаббат Жұтаевтың пікірінше, үлкен салықтардан гөрі үлкен айналымдардан аз салық алған дұрыс. Оның есептеуі бойынша, бүгінде кәсіпкерлердің шамамен 30%-і  көлеңкелі бизнеспен айналысады. Ал бөлшек салыққа көшу тиісті  соманы төлеуге мүмкіндік береді, бизнес несие ала алады, дамиды, айналымын  арттырады. Бұл шара кәсіпкерлерді ынталандыруы тиіс.

– Бүгінде бөлшек салық айналымның 4% мөлшерлемесімен 190 қызмет түріне тиесілі. Бұл осыған дейін де болған.  Әрине, бюджетті толтыру маңызды.  2%  салық жұмыс істеген кезде қазынаға көбірек ақша түсер еді,  – дейді депутат.

Оның айтуынша, мәслихат депутаттарының проценттік мөлшерлемені  екі есе төмендету мүмкіндігі бар. Бірақ,  қалалық, аудандық және облыстық мәслихат арасында ставканың белгілі бір  мөлшерін бекіту  туралы нақты уағдаластық қажет.

Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жібек Сейітова бизнестің бастамасымен хат дайындағанын, тіпті,  оны барлық 190 қызмет түрі бойынша коэффициентті төмендетуді сұрап мәслихаттарға жібергенін атап өтті. Депутаттар қазірдің өзінде бір жақты  шешім қабылдауы керек.

– Бизнес бөлшек салықты қолдануға мүдделі. Біз барлық адам үшін емес, тек маржасы төмен осы 190 қызмет үшін салық мөлшерлемесін төмендетуді сұраймыз.  Салық органдарының есептеулері дұрыс емес. Бөлшек салық шағын бизнес үшін салық жүктемесін азайту үшін уақытша енгізілетінін түсінеміз, – дейді сарапшы.

Мәслихаттың сұрауы бойынша палатада ұсыныс әзірленіп, кәсіпкерлердің барлық өтініші тіркелді. Енді онымен халық қалаулылары айналысуы тиіс.

 

Жаңалықтармен бөлісу