2 июня, 2025
Қостанайлық кәсіпкер ерекше қызмет түрімен айналысады

Қостанайлық кәсіпкер ерекше қызмет түрімен айналысады

Юрий «Маренчук  төсекке таңылған науқастарды арнайы көлікпен тасымалдау қызметін жүзеге асырып келеді. Кәсіпкер бұл ісін 2021 жылдан бері атқарып жүр.

Осы уақыт аралығында оның қызметіне жүздеген отбасы жүгініп, алғысын білдіруде. Қызмет түрінің ерекшелігі, туындайтын қиындықтар мен бұл істің адамгершілік жағы туралы кәсіп иесінің өзі баяндап берді.

– Юрий Николаевич, Сіздің бұл кәсіппен айналысуыңызға не себеп болды?

– Бірде онкологиялық ауруханадан ауыр науқасты алып кетуімді өтінді. Жолда науқастың туыстары қалада арнайы жабдықталған көлік пен қызметтің жоқтығына шағымданды. Өздері көтеріп, таксимен алып жүрудің қаншалықты қиын екенін айтып, ішіндегі мұңын ақтарды. Дертті жанды машинаға жеткізу, салон ішіне отырғызу, оны тасымалдау қаншалықты бейнет екенін түсінетін шығарсыз. Арнайы жабдықталған көлік болмағасын, ауру адамның жай-күйі одан бетер құлазып кететіні айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, науқасты қала ішінде ғана алып жүрсең бір сәрі, оларды басқа елді мекендерге, алыс ауылдарға апаруға тура келеді. Ал, бізде мұндай қызмет түрімен айналысатын арнайы көліктер некен-саяқ.

Міне, сол сәттен бастап ойым күрт өзгерді, сырқат жандарға бағытталған жаңаша тасымалдау қажет екендігін сезіндім. Осылайша, 2021 жылы қызметімізді ресми түрде бастап кеттік. Біздің тасымалдауымызға әр түрлі жастағы науқастар жүгінеді. Арасында жарақат алған балалар да, инсульт алған немесе жүре алмайтын қарттар да бар. Негізінен, егде жастағы адамдар жиі тапсырыс береді.

– Көліктеріңіз қалай жабдықталған?

– Арнайы көліктеріміз төсекке таңылған науқастарды қауіпсіз, жайлы жеткізуге бейімделген. Ішінде дөңгелекті төсек-арба, науқасты таңып қоятын бекіту белдіктері бар. Бұл – пациенттің қозғалмауы және қауіпсіздігі үшін қажет. Біз жол бойы медициналық көмек көрсетпейміз, сондықтан дәрігер немесе арнайы құрал-жабдық болмайды.

– Қызметтеріңіз тек Қостанай қаласы аумағында ғана ма?

– Жоқ, біз тек Қостанаймен шектелмейміз. Облыс аумағының басқа қалаларына да шығамыз. Тіпті, Ресейге де науқастарды жеткізіп жүрміз. Мәселен, жуырда Қарағандыға дейін барып келдік.

– Қиындықтар туындай ма?

– Әрине, болады. Бір айта кететін жайт – адамдар бізді инватаксимен шатастырады. Инватакси – мемлекет тарапынан қолдауға ие, тегін немесе жеңілдетілген қызмет. Ал біз – жеке кәсіпкерміз. Бүкіл шығын өз мойнымызда, көлікті несиеге алдық, жанармай, жалақы, жөндеу жұмыстары – бәрі өз есебімізден. Сол себепті кейде қызмет ақысы қымбат болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бір рет қызметімізді пайдаланып көрген жандардың алғысы – біздің ең үлкен марапатымыз.

– Қызмет бағасы қалай есептеледі? Жекелеген санаттағы адамдар үшін жеңілдіктер бар ма?

– Баға науқастың салмағына, тұратын қабатқа және баратын қашықтыққа байланысты есептеледі. 7 жасқа дейінгі балаларды тегін тасымалдаймыз. 7-14 жас аралығында – 50% жеңілдік бар. Қаржылай қиындық көріп отырған отбасыларға да жеңілдік қарастырылған. Біз жолда ем-дом жасамасақ та, қызметкерлеріміз алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша парамедик курстарынан өткен. Бұл – қауіпсіздік үшін өте маңызды. Әрбір тасымалдан кейін көлік пен құрал-жабдықтарға міндетті түрде дезинфекция жасалады. Қызметкерлеріміз қолғап, маска, антисептикпен қамтамасыз етілген.

– Төсек тартып жатқан науқасқа күтім жасап, баратын жеріне аман-сау жеткізіп жүрген жандарға не айтар едіңіз?

– Бұл – кез келген жан үшін үлкен сынақ. Бірақ адамның ең үлкен қажеті – мейірім мен жанашырлық. Сабыр сақтап, жүректен шыққан жылулықпен көмектесе білсеңіздер – ол науқасқа күш береді. Қиын күндер өтер, ал сіздің қамқорлығыңыз мәңгі есте қалады. Сондықтан шарасыз жандарға шарапат жасап жүрген барша азаматтарға күш-қуат берсін деймін!

 Әйгерім МҰРАТБЕК,

ҚӨУ студенті