Бүгін “Орталық” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сәкентай Шекарбеков жұмыс сапарымен келіп, 6697 әскери бөлімінің жаңа модульдік ғимаратында жеке құраммен кездесу өткізді.
Кездесу барысында жеке құрамның көкейде жүрген сұрақтарына жауап берген қолбасшы мырза, еліміздің бірнеше өңірлерінде орын алған су тасқынының алдын алып қаншама еңбектің еш кетпей адам шығыны болмағанын жеткізді.
“Су тасқынының зардабы әлі де қалпына келтіріліп жатыр. Өздерің су шайған аудандарды бақылауға алып, ұрлыққа жол бермей күнделікті бақылауда ұстап жүрсіңдер. Ол үшін халықтың алғысына бөленіп жатырсыңдар. Мен өз атымнан сіздерге жақсы тәрбие берген ата-аналарыңа алғысымды білдіремін”, – деді Сәкентай Шекарбеков.
Артқа тартынбай, ел басына күн туған, қысылтаяң сәтте елімен бірге сумен күреске қатысқан осы сарбаздар мен әскери қызметшілерге алғыс хаттар табысталды.
“Күні кеше дәл осындай кездесу Жітіқара қаласында орналасқан жеке 2 атқыштар ротасының жеке құрамымен өтті. Ондағы сарбаздар да қыстан аман шығып, қызметтік міндеттерін осылай адал орындап жатыр. Жұмысты әрі қарай жемісті жалғастыра берулеріңізге тілек білдіремін”, – деп сөзін қорытындылады Сәкентай Амантайұлы.