Қостанайдың өз әзіл студиясы бар

Қостанайдың өз әзіл студиясы бар

Атырау қаласында Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониясының жанынан құралған «Ара-Атырау» сатира театрының ұйымдастыруымен алғаш рет «Жаңа Қазақстанға – жаңа әзіл» атты сатира театрларының І республикалық әзіл-сықақ фестиваль-байқауы өтті.

Аталмыш байқауға Қостанай облысының атынан Мұрат Нағашыбай мен Достияр Қайдаровтың «Күн мен түн» әзіл студиясы барып, дипломант болып қайтты. Бұл жерлестеріміздің алғашқы аяқ алыстары. Қостанайда жыл сайын Сейіт Кенжеахметов атындағы республикалық «Мірдің оғы» әзіл-ысқақ театрларының байқауы өтеді. Оған елімізден түрлі театрлар келіп, сатира жанырын жандандырады. Бірде Қостанайдың өзінде сатира театры аз деген мін айтылған еді. Сол олқылықтың орны толды. Өнерде жүрген жігіттер бас қосып, жаңа әзіл студиясын құрып, елдің атынан байқауға қатысып бақ сынап та келді. Аяқалыстары да, алған бағалары да көңіл толарлық.

            –Жеті облыстан жеті театр қатысты. Біз бірінші рет қатысып, тәжірибе алмасып қайттық. Өнерімізге жоғары баға беріп, дипломант атандық. Мен актерлік шеберлігім үшін арнайы жүлдеге ие болдым. Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елімізге белгілі «Тамаша» ойын-сауық отауын ашқан Қойшықұл Жылқышиев біздерге шеберлік сағатын өткізді. Үйренгеніміз көп болды, – дейді Мұрат Нағашыбай.

Өнерлі жерлестерімізді облыстық шығармашылық орталықтың басшысы Дәмер Қалқаев, өзге де әріптестері қуанышпен қарсы алып, алдағы шығармашылықтарына сәттілік тіледі. Сатира студиясының бұл әлі тырнақалды жетістіктері деп сенеміз.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА.

Жаңалықтармен бөлісу