Қостанайдың көктем мерекелеріне арналған бағдарлама жарияланды

Қостанайдың көктем мерекелеріне арналған бағдарлама жарияланды

Көктемнің алғашқы айында еліміз екі мемлекеттік мереке —  халықаралық әйелдер күні мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын  атап өтеді.

Қала әкімінің орынбасары Мәжит Шүленовтың айтуынша, қос мереке қарсаңында шаһардың барлық мекемелерінде, кәсіпорындары мен білім беру ұйымдарында игі дәстүр бойынша іс-шаралар легі жоспарланған.

Мәселен, 5 наурызда «Мирас» мәдениет сарайында Астана қаласынан белгілі қазақстандық орындаушылардың қатысуымен «Нәзік жандарға арнау» мерекелік концерттік бағдарламасы өтеді.

Оған қаламыздың және еліміздің дамуына әртүрлі салаларда адал еңбегімен үлес қосып жатқан әйелдер шақырылады. 6 наурызда қалалық мәдениет сарайының шығармашылық ұжымының қатысуымен «Дружба» ауданының тұрғындары үшін күндіз сағат 11-де, ал сағат түскі 1-де Қостанай-2 шағын ауданында мерекелік бағдарламалар өтеді.

Сол күні мерекелік концерттік бағдарлама сағат 17-де Жастар сарайы концерт залында жалғаспақ. Сонымен қатар, қала кітапханаларында бірқатар мерекелік іс-шаралар жоспарланған. Мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтары облыстық қазақ драма театры сахнасында «Бір түп алма ағашы», орыс драма театрында «Пока она умирала» және «Любовные страсти на троих с половиной», қуыршақ театрында «Ертегілері бар сандық» қойылымдарын тамашалай алады. 8 наурыз күні сағат 17.00-де қазақ драма театрының әртістері қостанайлықтарды «Біз туралы» поэзиялық кешіне шақырады. Спектакльдер мен концерттер туралы толық ақпаратты мәдениет мекемелерінің ресми интернет-ресурстарынан және әлеуметтік желілерден білуге болады.

Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы биыл үшінші жыл қатарынан Наурызнама онкүндігі тұжырымдамасына сәйкес өтпек. 14-23 наурыз аралығындағы әр күнге ерекше атау беріліп, 10 күн бойы ұлттық дәстүріміз бен мәдени құндылықтарымыз дәріптеледі. Қала көшелері мен орталық алаңы мерекеге сәйкес безендіріліп, жергілікті тұрғындар мен меймандардың естелік суретке түсуіне қолайлы жағдай жасалмақ. 14-22 наурыз аралығында қалада әртүрлі жанрда 70 іс-шара ұйымдастырылмақ.

Мерекенің бірінші күні, 14 наурызда КӨРІСУ КҮНІ – Амал мерекесінен басталмақ.  Бұл күні қаланың орталық сахнасында «Амал келді — Жыл келді!» театрланған концерттік бағдарламаны өткізу жоспарланған. Сол жерде «Берекелі дастарқан» ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылады, онда тауар өндірушілердің бағасымен мерекелік дастарханға азық-түлік сатып алуға болады. Сондай-ақ «Төрлет, Наурыз!» атты мерекелік флешмоб  «Карнавал» мектебінің, педагогикалық колледждің және қала мектептерінің хореографиялық ұжымдарының қатысуымен Жастар сарайының алдындағы алаңда өтеді. Театрларда балаларды «Мы спасаем Наурыз» атты танымдық-ойын-сауық,  «Алдар Көсеннің хикаялары» спектаклі, «Думанды той Наурыз» интерактивті бағдарламасы күтеді. Қуыршақ театры Мұхтар Әуезовтің повесі негізінде «Көксерек» премьералық қойылымын ұсынбақ.

Облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы қостанайлықтар мен қала қонақтарын Жастар сарайындағы «Ән менің күй қазынам» концертіне шақырады. 15 наурызға «Қайырымды ұлт» қайырымдылық акциясы белгіленген. Бұл күні жергілікті билік барлық тұрғындарды мемлекеттік мекемелермен бірге қарттар үйлеріне, отбасының көмегіне мұқтаж балаларға арналған орталықтарға барып,  көмек беруге шақыруда. бұл күні маршруттық автобустарда «Жаңа күн – Наурыз бастауы» интерактивті бағдарламасы өтеді. Жолаушыларды ойын-сауық бағдарламасы және, әрине, «Мирас» мәдениет үйі әртістерінің мерекелік музыкалық құттықтаулары күтеді.

Көркемсурет мектебінде Наурыз мерекесіне арналған «Халық өнерінің бастауы» атты қолтаңбалы өнер көрмесі ашылады. 16 наурызда кітапханаларда «МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР КҮНІ» тақырыбында әдеби кештер, көрмелер жоспарланған. «Мирас» мәдениет үйінде, «Март» және «Kostanay Plaza» сауда орталықтарында «Кел төрлет, мерейлі Наурыз!» атты концерт көпшілік назарына ұсынылады. Халқымыздың жезтаңдай әншісі Мақпал Жүнісова Жастар сарайында ән кешін өткізбек. Салтанатты іс-шаралармен қала орталығынан бөлек Қонай, Амангелді аудандары да қамтылмақ.

«Негізгі іс-шаралар 21-22 наурызға жоспарланған. Жылдағы дәстүр бойынша көп қабатты тұрғын үйлер аулаларында «Наурыз думан» фестивалі ұйымдастырылады. Қазірдің өзінде 15 аула фестивальге қатысуға ниет білдіруде. Қала тұрғындарының ұсынысы негізінде қаланың 6 жерінде Наурыз тойы тойланбақ. «Аэропорт» (Керуен саябағы), «Юбилейный» («Kostanay Plaza» СОО), «КСК» («Жастар» бульвары), «Костанай–2» (№122 ОМ) және Қонай, Дружба тұрғын үй аумақтары. Ал орталық алаңдағы концерттік бағдарлама екі күнге ұласпақ», – деді қала әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов.

Биыл 22 наурызда орталыққа 30 киіз үй, қала бойынша барлығы 40 киіз үй тігу және 10 алтыбақан орнату жоспарланып отыр. Сол күні «Ұлыстың ұлы күні!» театрландырылған қойылымы, Қол күресі», «Қой көтеру», «Гір көтеру», «Арқан тартыс», «Асық ату» и «Жілік сындыру» сияқты спорттық сайыстар, сауда сөрелері, көрме ұйымдастырылады. Кешкі концертте белгілі қазақстандық актриса, әнші, тележүргізуші Анар Батырхан өнер көрсетпек.

Қала әкімі Марат Жүндібаев орталық алаңдағы сахна — LED-экран екі күн бойы үздіксіз жұмыс істеуі қажеттін тапсырды. 15 наурыз – ҚАЙЫРЫМДЫҚ КҮНІ жексенбі келіп тұр және еліміздегі маңызды оқиға – референдум өтеді. Шаһар басшысы сол күні қоғамдық көліктер белгілі бір уақытта жолаушыларды тегін тасымалдаса деген ұсыныс айтты. Себебі Наурыз – ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын , бірлік пен ынтымақты нығайта түсетін ізгі мейрам. Оны жаңа сипатта, бағдарламасы байытылған түрде думандату үшін Наурызнама онкүндігі қолға алынды.

Қымбат ДОСЖАН

Суретті түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ