Қазақша сөйлейтін Рудный: тіл үйретудің жаңа белесі

Қазақша сөйлейтін Рудный: тіл үйретудің жаңа белесі

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның күнделікті өмірдегі қолданыс аясын кеңейту бағытында Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Яғни, қала тұрғындарына сапалы білім берумен қатар, қазақ тілін насихаттаудың тың тәсілдерін де қалыптастыруда. Білім беру курстарынан бастап, ауызекі сөйлеу клубтары, танымдық жобалар мен әлеуметтік желілердегі бастамаларға дейінгі сан алуан жұмыс биыл өз нәтижесін берді. Орталық облыс көлемінде «Үздік тілдерді оқыту орталығы» атанды.

Бүгінде Тілдерді оқыту орталығында мыңнан астам тыңдаушылар оқу курсына қатысады.

«Орталықта түрлі сала мамандарына арналған қазақ тілін оқытудың қысқа мерзімді курстары да ұйымдастырылған. Қазақ тілін еркін әрі бейресми форматта меңгеруге арналған «СөйлеTime» ауызекі сөйлеу клубы да өз жұмысын тұрақты түрде жалғастыруда. Клубтың негізгі мақсаты – қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасауға қолайлы тілдік орта қалыптастыру, қатысушылардың сөйлеу дағдыларын дамыту. Кездесулер барысында топтық және жеке сабақтар, танымдық ойындар мен түрлі интерактивті іс-шаралар жүзеге асырылады. Кездесулер апта сайын қаланың әртүрлі қоғамдық алаңдарында жүргізіледі», – дейді Тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досыбаева.

Ал егде жастағы азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасау үшін «QAZRETRO» ауызекі сөйлеу клубы жұмыс істейді. Зейнеткерлер де клуб кездесулеріне қатысып, қазақ тілінде сөйлесу тәжірибесін жетілдіріп, күнделікті өмірде мемлекеттік тілді қолдануға дағдыланады.

«Бұл бастама қазақ тілін жас ерекшелігіне қарамастан үйренуге және күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі беделі мен қолданыс аясын арттыру, сондай-ақ оқушыларды, студент жастарды және ересек тұрғындарды қазақ халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен және рухани құндылықтарымен таныстыру мақсатында түрлі танымдық іс-шаралар, байқаулар мен конкурстарда ұйымдастырылып тұрады», – дейді орталық басшысы.

blank

Атап айтқанда, «Менің мамандығым» тақырыбында танымдық ашық сабақ, «Қазақстан – ортақ үйіміз» атты мерекелік іс-шара, «Ерлік – елге мұра» тақырыбында патриоттық бағыттағы ашық сабақ, сондай-ақ «Елорда – мемлекеттің жүрегі» тақырыптарында танымдық-интеллектуалдық ойындар өткізілді. Аталған іс-шаралар мемлекеттік тілді насихаттауға, тілдік құзыреттілікті дамытуға және өзге тілдерді меңгеруге деген ынтаны арттыруға бағытталған.

blank

Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Тіл – ұлттың жаны» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру. Аталған жоба жастар арасында қазақ тілін насихаттауға, өзге этнос өкілдерін мемлекеттік тілді меңгеруге тартуға, сондай-ақ жастар арасынан қазақ тілін жетік меңгерген дарынды азаматтарды анықтап, қолдауға бағытталған бірқатар іс-шараларды қамтиды.

blank  blank  Осы жылдың тамыз айында Рудный қаласының ересек тұрғындары арасында «ТілQuest» атты танымдық-интеллектуалдық квиз ойыны, тамыз айында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының талаптарына сәйкес сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттың орналастырылуын қамтамасыз ету мақсатында «Сыртқы жарнамада мемлекеттік тілді қолдану» тақырыбында дөңгелек үстел, қыркүйек айында Рудный қаласының мектеп мұғалімдері арасында «Инновациялық сабақ» атты қалалық кәсіби байқауы, қазан айында қазақтың көрнекті ағартушысы, педагогі әрі жазушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Зияткерлік дода: Ыбырай жолы» атты интеллектуалдық ойындары өтті. Жобаның қорытынды кезеңі ретінде «ТілPremia» атты салтанатты марапаттау іс-шарасын өткізу жоспарлануда.

blank blank blank  Қазіргі уақытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың маңызды тетігіне айналды. Себебі тіл үйрену мүмкіндігі неғұрлым қолжетімді болған сайын, оған деген қызығушылық та арта түседі. Осы бағытта орталық дәстүрлі баспасөзбен де, заманауи цифрлық платформалармен де жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

«Осы ретте, «Рудненский рабочий» және «Зеленое яблоко» қалалық газеттерінің баспа басылымдарында мемлекеттік тілді үйренуге арналған «Кел, қазақша үйренейік» айдары тұрақты түрде жарияланып келеді. Бұл айдар арқылы оқырмандарға қазақ тілінің грамматикасы, сөздік қоры және күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері ұсынылады. Қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту мақсатында кинотеатрлар, дәріханалар, дүкендер, кітапханалар, мұражайлар, банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары және басқа да мекемелер үшін QR-кодтары бар тілашарлар әзірленіп, таратылды», – дейді Жанат Досыбаева.

Мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыру аясында орталық мамандары Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе қала аумағындағы көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнама құралдарының қолданыстағы тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестігіне тұрақты негізде мониторинг жүргізеді.

blank

Анықталған кемшіліктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлік нысандар мен мекемелерге әдістемелік ұсынымдар беріліп, көмек көрсетіледі. Заманауи ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мемлекеттік тілді жеңіл әрі қызықты форматта үйретуге бағытталған «ҚазақшаLike» және ән арқылы тіл үйретуді көздейтін «ТыңдаLine» айдарлары Instagram, TikTok, Facebook және YouTube әлеуметтік желілерінде тұрақты түрде жүргізіледі.

blank

Аталған жобалар арқылы қазақ тілін үйренушілерге күнделікті қолданыстағы сөздер, сөз тіркестері, қызықты тапсырмалар мен танымдық материалдар ұсынылып, мемлекеттік тілді әлеуметтік желілер арқылы насихаттау жұмыстары жүзеге асырылады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – орталық

Рудный қаласы