Қостанайда қыркүйек айынан бастап қоғамдық көлік маршруттарын оңтайландыру жұмыстары басталды.
Кей уақытта қоғамдық көлік ішінде, әсіресе, таңғы уақыт пен кешкісін адамдар сыймай жататын жағдай байқалған. Осы жағдайды қалалық ТКШ бөлімінің жолаушылар тасымалы секторының меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов түсіндіріп берді.
Оңтайландыру жұмыстары барысында автобустардың жүру жиілігі ұзартылған. Себебі, зерттеу көрсеткендей, кей қоғамдық көліктер бір сағатқа жуық уақыт соңғы аялдамада өз кезектерін күтіп, бекер тұрады екен. Ал қарбалас уақытта адамдардың қоғамдық көлікке лық толуын оқу жылының басталуымен қатар келгенімен байланыстырды.
«Қыркүйек айының басында оқу жылының басталуымен бірге, автобустарда адам саны күрт артты. AlemPay ЖШС-мен бірлесіп жүргізілген талдау нәтижесінде, 2 қыркүйек күні жолаушылар ағыны таңертеңгі уақытта 4 мың адамға, яғни 21%-ға артқаны анықталды. Түстен кейін жағдай біршама қалыпқа түсті. Барлық тасымалдаушыға бекітілген кестелер мен маршруттардың графиктері берілді. Онда тығыз сағаттарда интервал 11-15 минут, ал қалған уақытта 20 минутқа дейін, кешкі 20:00-ден кейін 30 минутқа дейін болуы керек деп көрсетілген. Бірақ кейбір маршруттарда интервалдар 25-30 минутқа дейін ұлғайып кеткен. Бұл мәселе де қарастырылуда, яғни оңтайландыру желеуімен интервалдарды жасанды түрде ұзарту орын алған», – деп түсіндірді Нұрдәулет Бейсенов.
Шағымдар үнемі бақылауда болады. Көп шағым оңтайландыруға ұшырамаған маршруттарға қатысты болған. Ал маршруттарды оңтайландыру туралы ұсыныс AlemPay ЖШС-дан келіп түскен екен. Компания өкілінің айтуынша, оңтайландыруға іліккен автобустар 100% толмаған. Бұл олардың жүру интервалын өзгертуге және маршруттардағы машиналар санын азайтуға жағдай туғызған.
Тағы бір ескеретін жағдай, жеті жасқа дейінгі балалар тегін жүретіндіктен, олар есепке алынбаған. Себебі есеп төленген қаржы арқылы жүргізіледі, ал жүйе төлемеген адамды есептемейді. AlemPay ЖШС директорының Қостанай қаласы бойынша орынбасары Роман Глазков 13-маршрутты мысалға келтірді.
«Оңтайландыруға түскен 13-ші маршрутты алайық. 40 минуттық маршрутта 15 минуттық аралықпен 12 көлік болды. Егер машиналар бір жарым-екі сағат жұмыс істемесе, мұның қандай мәні бар?» – деді Роман Глазков.
Директордың орынбасары өзі де қоғамдық көлікпен жүретінін айтады. Сол себепті, күнделікті көріп жүргеніндей, аватобусқа адамдардың сыймай қалу жағдайы оңтайландыруға дейін де болған дейді ол.
Алайда сектор меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты. Яғни, оның сөзінше, жағдай толық анықталған кезде талдау жүргізіледі. Қажет болған жағдайда кестеге түзетулер енгізіледі. Тұрғындар өтініші басты назарда болмақ. «Жалпы, жағдайды жете түсіну үшін бір айдай уақыт қажет» деп қорытты ол.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген – автор
