Биыл Қостанай облысындағы «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығына 90 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның 15 миллион 303 мың теңгесі түрлі мәдени-танымдық және білім беру іс-шараларын өткізуге жұмсалған. Бұл туралы орталық басшысы Тоты Әбдібекқызы өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Биылғы жылы жалпы іс-шараларға бөлінген қаражат 15 млн 303 мың теңгені құрады. Осы қаражат есебінен «Тіл мен дәстүр», «Тіл шебері», «Үздік оқытушы», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» сияқты байқаулар мен мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына және Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Қазақстан халқы тілдері күні аясында «Ұлттың Ұлы Тұлғалары – Тілдің Тұғыры» атты мерекелік іс-шара өтті», – деді орталық жетекшісі.
Сонымен қатар тілдерді оқыту орталығының әдіскер-оқытушыларына арналған «Оқытудың мазмұны: тілдік дағдылар» атты біліктілік арттыру семинары өткізілді.
Облыстық деңгейде өткен байқаулардың жеңімпаздары республикалық кезеңдерде де жақсы нәтиже көрсетіп, «Тіл шебері» және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқытушылар байқауында 3-орынға ие болды.
Тілдерді насихаттау бағытында орталық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп «Tілlife» жобасын, еркін форматтағы тіл үйрету клубы «СөйлеTime», сондай-ақ әлеуметтік желідегі «Тіл үйрену трендте» айдарын жүзеге асырып келеді.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және халықаралық ана тілі күніне орай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының тапсырысы бойынша кәріс, башқұрт және армян тілдерін үйретуге арналған «Ана тілі» оқулығы дайындалып, 1000 дана болып басылып шыққан. Оқулықтар облыстың барлық аудан және қала орталықтарына таратылды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
