Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде «Qostanai AI-Sana Industry Hackathon: Allur Challenge» атты ірі технологиялық сайыс өтті. Іс-шараны облыс әкімдігінің қолдауымен Халықаралық электрбайланыс одағы , «Allur» автомобиль зауыты, ҚИнЭУ және Qostanai Hub ұйымдастырды.
Хакатон жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған AI-Sana бастамасының аясында болды. Бұл еліміздің өңірлеріндегі цифрлық инновацияларды дамыту мен талантты жастарды қолдауға арналған.

«Бүгінде Қостанай облысының әкімдігі жасанды интеллект технологияларын енгізу жолында кезекті қадам жасауда. Заманауи IT-бағыттар ашылып жатыр. Инновациялық бағдарламалар мен зертханалар енгізілуде, онда студенттер мен жас мамандар болашақ дағдыларын дамыта алады. Дәл осы жерде, кәсіпорындармен және білім беру мекемелерімен ынтымақтастықта, жаңа идеялар, технологиялар және болашақтың мамандары дүниеге келеді. Осындай хакатонды өткізу – қатысушылар үшін шығармашылық және кәсіби дағдыларын көрсетуге мүмкіндік қана емес, сонымен қатар нақты өндіріске енгізілуі мүмкін практикалық шешімдерді қалыптастыру үшін маңызды алаң. Бұл Халықаралық электрбайланыс одағы, «Allur» автозауыты, Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті және Qostanai Hub арасындағы ынтымақтастықтың – білім беру, бизнес және мемлекеттің тиімді серіктестігінің тамаша үлгісі. Осы хакатон біздің жастарымыздың әлеуетін ашу және сәтті шешімдер жасау үшін тамаша алаңға айналатынына сенімдімін», – деді облыс әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы Азамат Кашиев.
Қатысушыларға «Allur» компанияның нақты өндірістік процесіне байланысты ЖИ шешімін әзірлеу тапсырмасы берілді. Командалар машиналық оқыту мен компьютерлік көру әдістерін пайдалана отырып, бөлшектердің фотосуреттерін талдайтын және бояу сапасындағы ақауларды – дақтарды, ағуларды, артық қабаттарды анықтайтын жүйе жасауға тиіс болды. Бұл жұмыстар өндірістегі сапаны бақылауды жетілдіріп, брак санын азайтуға септігін тигізбек.

«Біздің өңірдің үздік жас мамандары мен студенттері нақты өндірістік міндет бойынша жұмыс істеген үш күндік қарқынды цифрлық марафон болды. Осы уақыт ішінде сіздер шығармашылық ойлауды, технологияларды терең түсінуді, жылдам шешім қабылдау және нәтижеге бағдарлана отырып, командада жұмыс істеу қабілеттерін көрсеттіңіздер. Хакатонымызды қолдаған AI-Sana бастамасының миссиясы – жасанды интеллект саласындағы жаңа буын мамандарын қалыптастыру. Біз Қостанайдың Қазақстанның цифрлық индустриясын дамытудағы негізгі алаңдардың біріне айналғанын мақтан тұтамыз. Бұл жай ғана оқу міндеті емес, бұл өңір мен елдің индустриялық дамуына қосылған үлес. Халықаралық электрбайланыс одағына жемісті әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастығы және бастамаларымызды қолдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Практикаға бағытталған оқытуды дамыту үшін нақты өндірістік кейсті ұсынған біздің индустриялық серіктесіміз «Allur» компаниясына да рахмет айтамыз. Технологиялық кәсіпкерлік экожүйесін қалыптастырудағы және жас инновациялық командаларды қолдаудағы Qostanai Hub-тың рөлін жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ, өңірдің цифрлық трансформациясына қосқан үлесі және бизнес, білім беру мен мемлекетті біріктіретін бастамаларды қолдағаны үшін Қостанай облысының әкімдігіне алғыс айтамыз», – деді ҚИнЭУ Арман Исмайлов.

Хакатонға аймақтың жоғары оқу орындарынан келген студенттер, жас ІТ-мамандар мен сарапшылар қатысты. Үш күн бойы олар тәлімгерлердің қолдауымен өз шешімдерін әзірлеп, нақты деректермен жұмыс істеді. Іс-шара барысында қатысушыларға Qostanai Hub пен ХЭО сарапшылары тәжірибелік кеңес беріп отырды.
Жарыс қорытындысы бойынша, 500 мың теңгелік сертивикатты ҚӨУ-нің «Lkpat» командасы жеңіп алды. Ал Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің «NextGenDeys» командасы екінші орын алып, 300 мың теңгенің сертификатын иеленді.
Үшінші орын НЗМ «Svision» командасына бұйырып, 200 мың теңгенің сертификатын алды. Сондай-ақ бұл команда «Aman» стартапының фаундеры Аружан Меденың арнайы сыйлығына ие болды. Жеңімпаздарға «Allur» компаниясынан да «Белый ветер» электроника сауда үйінен қаржылай сертификаттар табысталды. Барлық финалистер өндірісті дамытуға қосқан үлестері үшін қатысушы сертификаттарымен марапатталды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген — Диана АЛМАСҚЫЗЫ
