Қостанай облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы интернет-алаяқтыққа байланысты қылмыстық әрекеттерді анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстарды жалғастырып келеді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Павлодар облысы аумағында қаскөйлерге абоненттік нөмірлерге қолжеткізуді қамтамасыз еткен адамдар анықталды. Олар түрлі мобильді операторлардың 50-ден астам SIM-картасын белсендіріп, оларды WhatsApp мессенджерінде тіркеген, кейін Telegram-арналар арқылы жалға берген.

Тінту кезінде полиция қызметкерлері заңсыз әрекеттердің дәлелдері — ұялы байланыс құрылғылары мен алаяқтық схемаларда пайдаланылған SIM-карталарды тәркіледі.
Күдіктілер кінәларын мойындады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс жүргізілуде. Полиция қызметкерлері заңсыз SIM-карталарды тарату арналары мен барлық қатысушыларды анықтау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.