Қала күнін мерекелеу қарсаңында Қостанайдың үздік аулалары анықталып, жеңімпаздарға 1 млн теңгенің сертификаттары табысталды. Жеңімпаздарды шаһар басшысы Марат Жүндібаев құттықтап, бүгінгі аппарат кеңесінде марапаттады.
Қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен журналистерден құралған комиссия іріктеу жүргізген.
Нәтижесінде үш аталым бойынша үздіктер белілі болды. «Ең көрікті аула» аталымында Толстой 69 мекен жайындағы аула, «Ең жасыл аула» аталымында Бородин көшесі 217а мекенжайындағы аула, «Ауланы абаттандырудағы тұрғындар бастамасы» аталымында 9-шағынаудандағы 13-үйдің ауласы жеңіске жетті.
Жеңімпаз аулалардың өкілдеріне әр қайсысына 1 млн теңгенің сертификаттары берілді. 9-шағын аудан 13-үйден Евгений Полуянов, Бородин 217 а мекен жайынан Ирина Анисимова, Толстой көшесі 69-үйден Татьяна Пономарева келіп, тиісті марапаттарын алды.
«Қыста мерекелік безендіру бойынша үздік аула байқауын дәстүрлі түрде өткіземіз. Жаз мезгілінде дәл солай, ауланы күтіп ұстауға көңіл бөлеміз. Бүгінде аулаларды абаттандыру көрсеткіші артты. Қаладағы аулалардың басым көпшілігінің жағдайы жақсы бағаға сәйкес келеді. Жуырда 9-шағын аудандағы 14-үйде болдым. Аула әдемі безендіріліпті. Тұрғындар өз еріктерімен, өз қалауларынша сәндеп қойған. Игі іске көңіл толады. Тұрғындардың ынтасын, жоғары белсенділігін атап өткім келеді. Абаттандыру ісіне белсенді үлес қосып жүргендеріңіз үшін рахмет»,-деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Аталған байқау «Таза Қазақстан» республикалық акциясының шеңберінде ұйымдастырылғанын еске саламыз.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі