Дамуында ерекшеліктері бар спортшылар арасында үстел теннисінен облыстық турнир басталды.
Турнир Тобыл қаласындағы “Астана” спорт кешенінде өтіп жатыр. Дәстүрге айналған жарысқа облыстың 12 ұйымынан алпыстан астам спортшы қатысуда.
– Бұл турнир спортшыларға республикалық және халықаралық жарыстарға қатысу үшін жол ашады. Жарыстың нәтижесі бойынша Қостанай облысының «Қазақстандық арнайы олимпиада» құрама командасын жасақтап аламыз, – дейді аталған қоғамдық бірлестік ҚОФ директоры Валентина Исмурзина.
Жарыстан жүлде алған екі спортшы сәуір айының ортасында Ақтөбе қаласында өтетін турнирге барады.
– Спортшы қатарын көбейтуге болар еді, алайда тек 2 спортшыға демеуші табылып тұр. Сол себепті саны шектеулі. Қай жарыс түрі болмасын демеуші табу жағынан қиналамыз, – деді Валентина Исмурзина.
Қатысушылар арасында өзге де спорт түрінен жақсы жетістікке жетіп жүрген спортшылар бар. Бақытгүл Ақдаулетова Америка Құрама Штатында өткен баскетбол жарысынан алтын медаль иеленіп келген.
– Үстел теннисімен шұғылданып жүргеніме бес жылдың көлемі болды. Осы уақыт аралығында облыстық, республикалық жарыстардан орын алып келемін. Мұның сыртында 1995 жылы Америкаға барып баскетболдан алтын медаль иелендім. Осы жарыста да жүлде аларыма кәміл сенемін, – дейді спортшы.
Руслан Нальгиев теннис ойнаудан бөлек, жүзумен шұғылданады. Боулинг ойнағанды ерекше ұнатады. Осының арқасында ол Абу-Дабиге де барып қайтқан.
– Абу-Даби қаласында өткен баскетбол жарысынан күміс медаль иелендім. Ал тенниспен айналысып жүргеніме бір жылдың көлемі болды. Жетістік бар. Орал мен Тараз қаласында жүзуден өткен жарыстан жүлделі оралдым. Спорттың бірнеше түрімен айналысамын, – дейді жас спортшы.
Ойыншылар арасында жеребе тасталды, жарыс кешке дейін жалғасады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ