23 июня, 2025
Қостанайда үш көше мен бір саябақтың атауы өзгере ме? Фото: ru.wikipedia.org

Қостанайда үш көше мен бір саябақтың атауы өзгере ме?

Облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясы мен қоғамдық кеңестің отырысында Қостанайдағы 3 көше атын өзгерту және 1 саябаққа атау беру туралы айтылды.

Осыдан екі жыл бұрын, 2023 жылдың маусым айында Қостанай қаласындағы 3 көше мен саябақтың атын өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдау өтіп еді. Онда Уральская көшесін – Шақшақ Жәнібек батыр көшесіне, Дзержинский көшесін – Сағадат Нұрмағанбетов көшесіне, Железнодорожная көшесін – Бертран Рубинштейн көшесіне ауыстыру және Гашек көшесінің бойындағы саябаққа «Ұлы дала» атауы ұсынылған. Белсенділерінің бастамасын сол кезде Қостанай қалалық мәслихатының 13 депутаты да қолдады.

Ұсыныс көпшіліктің қолдауына ие болғанымен одан әрі іске аспай қалды. Көше атауын өзгерту тақырыбы араға екі жыл салып,  облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясы мен қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Абдрахмановтың айтуынша, Уральская көшесіне – Шақшақ Жәнібек батыр атын беру туралы өтініш Қостанай ауданының тұрғыны Өмірзақ Бековтан, Дзержинский көшесін – Сағадат Нұрмағанбетов көшесі деп өзгерту туралы өтініш «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық бірлестік төрағасынан түскен. Бұдан басқа Железнодорожная көшесін – Бертран Рубинштейн көшесіне ауыстыру жайлы өтініш «Костанайское отделение магистральной сети» филиалынан түскен, ал Гашек көшесінің бойындағы саябаққа «Ұлы дала» атауын беру туралы ұсыныс қала тұрғындарынан түскен болатын.

–2023 жылдан бері қала әкімдігі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барлық ұсыныстар Қостанай қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының бірлескен отырысында қаралған. Қалалық мәслихаттың дауыс беру құқығы бар 13 депутаты аталған ұсыныстарды бірауыздан қолдады. Бұл өтініштер неге 2023 жылдан бері қазір ғана қаралып жатыр деген сұраққа келсек, сол жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президенттің айтқан тапсырмасына сәйкес, ономастика саласына бірқатар мораторий жарияланған. Кейін, біздің ұсынысымыз республикалық ономастика комиссиясында қаралып, 2025 жылдың сәуірінде қолдау тапқан болатын. Содан бері өзіміздің бірнеше ұйымдардың келісімін ала отырып, облыстық мәслихатқа жолдаған болатынбыз. Облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шешімнің жобасы мүдделі мемлекеттік ұйымдармен де келісілді. Осы ұсыныстарды қолдауды сұраймын. Биыл Жеңістің 80 жылдығы. Мерейтой аясында Сағадат Нұрмағанбетов пен Бертран Рубинштейн сияқты батырларымызға көше атауын берсек жақсы үйлесер еді деген ойдамын, –деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Абдрахманов.

Жоғарыда аталған ұсыныстар туралы шешімнің жобасын депутаттар мақұлдап, сессия қарауына жіберді.

Қымбат ДОСЖАНОВА