Қостанайда «Таза Қазақстан» бағдарламасына арналған кеңес өтті

Қостанайда «Таза Қазақстан» бағдарламасына арналған кеңес өтті

Қостанайдағы облыс активімен өткен экологиялық кеңесте облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Таза Қазақстан» жобасының өңірде қалай жүзеге асып жатқанын баяндады. Кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамаға берген жоғары бағасы да айтылды: «Таза Қазақстан — бұл саяси маңызды жоба. Себебі бұл адамдарды біріктіреді. Экологиялық сананы оятады», — деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы.

Кеңесте сөз алған белсенді оқушылар да болды. Жастар жобаның ел арасында қалай жүзеге асып жатқанын өз мысалдары арқылы жеткізе білді.

Мәселен, Ұзынкөл ауданы Троебрат ауылынан келген 8-сынып оқушысы Арсений  Бибик ауласын әрлеп, ағаш отырғызып, тазалық жұмыстарына белсенді атсалысуымен достарының арасында ерекшеленген.

«Бізде сондай бір қызықты байқау ұйымдастырылды. Ол үшін қолымызға бояу, қылқалам ұстатты. Содан кейін іске кірістік. Аулаларды ретке келтіріп, боядық. Әдемі бейне пайда болды. Айнала әрленді. Ол байқауда бірінші орынды иелендім», — деді сегізінші сынып оқушысы.

Ол кеңеске үйінің маңайында жүргізілген жұмыстары туралы бейнежазба көрсетіп, жұртшылықты тәнті етті.

blank blank blank

Тағы бір белсенді жас – Қостанай ауданы Заречный мектебінің 11-сынып оқушысы Ангелина Белослудцева.

blank

«Көшеден өтіп бара жатып, қоқыстың шашылып жатқанын байқайсың. Сонда оны жасаған адамдар екенін ойлайсың. Бұл мәселені бір ортада айтқым келетін. Соның реті бүгін келіп отыр. Патриотизм осындай ұсақ-түйектен басталмай ма?» — деп бастады сөзін Ангелина.

Содан Ангелина достарымен бірге қалдықтарды сұрыптап, жағалаудағы қоқысты тазартуға кірпісіп кетеді. Кейін бұл ісі әлеуметтік жобаға ұласқан. Түрлі байқауларға қатысып, өз бастамасын қорғау арқылы Сәтбаев университетінің грантын жеңіп алып отыр.

Облыс әкімі оқушылардың бұл бастамаларын жоғары бағалап:

blank

«Бұл дәстүр әр ауылда, әр ауданда, әр қалада қолға алынуы қажет», – деп атап өтті.

Бағдарлама аясында елді мекендердің тазалығы мен жайлылығы артып, халықтың экологиялық мәдениеті қалыптасып келеді. Бұл тек мемлекеттік құрылымдар мен жеке сектордың ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір отбасының ортақ жауапкершілігіне айналуы тиіс екені кеңесте ерекше айтылды.

Құмар Ақсақалов облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы былтырдан бастап кешенді түрде жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті.

blank

«Бұл мақсатқа 11,6 миллиард теңге көзделді. Соның нәтижесінде қала мен ауылдардың келбеті өзгеріп, қаңырап бос тұрған ғимараттар қалпына келтірілді. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылды. Былтыр кез келген бос аймаққа саябақтар ашу туралы тапсырма берген болатынмын. Ондай жағдай болғанда ыңғайлы қоғамдық кеңістіктер құру қажеттігін тағы да қайталаймын», – деді облыс әкімі.

blank

Қазіргі таңда облыс орталығында жеті саябақта заманауи абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

blankБұл туралы кеңесте облыс әкімнің орынбасары Берік Таңжарықов баяндап өтті. Толығырақ газетіміздің алдағы номірінен оқи аласыздар.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев