Қостанайда «Сөз құдіреті» байқауы мәреге жетті

Қостанайда «Сөз құдіреті» байқауы мәреге жетті

Жастар сарайында Ұлттық кітап күні мен Дүниежүзілік кітап және Авторлық құқық күніне орай дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Сөз құдіреті» ХІІ облыстық мәнерлеп оқу байқауының финалдық кезеңі өтті. Бұл байқау – жас ұрпақтың бойына көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті ұялату, қазақстандық авторлардың шығармаларын кеңінен насихаттауға бағытталған.

Аталған байқау алғаш рет 2013 жылы бастау алып, содан бері жыл сайын жалғасын тауып, балалар мен жасөспірімдердің асыға күтетін рухани мерекесіне айналды. Биылғы іс-шараның басты ерекшелігі – қатысушылардың 2022, 2023 және 2024 жылдары жарық көрген «Таза бұлақ» атты әдеби жинаққа енген заманауи прозалық шығармалардан үзінділерді жатқа оқуы болды.

Іс-шара Ы. Алтынсарин атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік әдеби шығармаға арналған республикалық байқаудың аясында ұйымдастырылды. Бұл жолы облыстық және қалалық деңгейде өткен іріктеу кезеңдерінен ақтық сынға 22 үміткер жолдама алған. Қатысушылардың барлығы 12-13 жас аралығындағы талапты оқушылар.

— «Сөз құдіреті» байқауының басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің оқуға деген қызығушылығын ояту. Кітап оқу арқылы тұлғаның рухани дүниесін байытып, көркем әдебиетпен тәрбиелеу – біз үшін аса маңызды. Қазіргі цифрлы заманда баланың бойындағы әдеби қарым-қабілетті оятып, оны дамытудың өзіндік қиындықтары бар. Осы ретте мұндай байқаулардың маңызы зор. Биылғы байқауға облыс бойынша 245 оқушы қатысты. Бірінші кезең – аудандық және қалалық деңгейде өтті. Екінші кезеңде, яғни финалда 22 қатысушы өнер көрсетті, – дейді Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Зоя Әлмұқанқызы.

Байқауға қатысқан жас оқырмандардың барлығы үздік болуға ұмтылып, өздерінің шығарманы терең түсінгенін, көркем жеткізе алатынын дәлелдеуге тырысты. Олар тек жаттау ғана емес, шығарманың мазмұнын түсініп жеткізуді мақсат еткен. Соның жарқын мысалы – Науырзым ауданынан келген 7-сынып оқушысы Жәнібек Бөкенов.

— Мен алғаш рет осындай әдеби байқауға қатысып отырмын. Таңдаған шығармам – Адина Жүсіптің «Дән» атты ертегісі. Бұл шығарма маған ерекше әсер етті. Себебі ертегіде құмырысқалардың бір-біріне деген сыйластығы, үлкенге құрмет көрсетуі керемет сипатталған. Адамдар да дәл осындай қарым-қатынаста болса ғой деп ойлаймын. Қазіргі кезде үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты құндылықтар ескерусіз қалып бара жатыр деген пікірді жиі естимін. Сол себепті мен осы ертегіні таңдадым, – дейді Жәнібек.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Қарабалық ауданынан келген Даяна Ертановаға бұйырды. Екінші орын Қостанай ауданынан қатысқан Назым Байтурзинаға, үшінші орын Қостанай қаласынан келген Даниил Комаровқа табысталды. Барлық жеңімпаз дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,
Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА
ҚӨУ журналистика мамандығының 3-курс студенттері