Мектеп асханаларында бәліш, чебурек және гамбургерге тыйым салынады

Мектеп асханаларында бәліш, чебурек және гамбургерге тыйым салынады

Оқушылар тұтынатын ас мәзіріне өзгерістер енгізілді. Толығырақ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

— Өткен жылдың соңында жаңа стандарт бекітілді. Оған сәйкес, дайын тағамдардағы қант мөлшері 3,5 есе, ал тұз мөлшері 2–2,5 есе азайтылды. Сондай-ақ оқушылар тағамына қатысты қатаң шектеу енгізіледі. Оның, әсіресе, мектептегі буфетке қатысы бар. Атап айтқанда, мектеп асханасында тез қорытылатын көмірсуларға, чебурекке, майға қуырылған бәлішке, гамбургер – тағы сол сияқты фаст-фуд түріне тыйым салынады, — деп жауап берді Ақмарал Әлназарова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек министрдің мәлімдеуінше, шоколадты батондар мен тәтті газдалған сусындарға да шектеу қойылады.

— Аталған өзгерістер 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді, — дейді ведомство басшысы.

Иллюстрациялық сурет: inbusiness.kz