Жанкелдин ауданының Шеген ауылындағы кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Қорғанбек Бірімжановқа арналған «Еліне қорған болған Қорғанбек» атты кітап бұрышы салтанатты түрде ашылды.
Іс-шара барысында ауыл тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, арнайы шақырылған қонақтар Қорғанбек Бірімжановтың өмір жолы, қоғамдық қызметі мен артында қалған бай мұрасымен танысып, тағылымды тағдырына терең бойлады.
«Шеген ауылы қазақтың көрнекті биі, әділ шешімдерімен ел ішінде әділет туын желбіреткен Шеген бидің құрметіне аталған. Шеген би Арғын тайпасының Дәуітбай руынан шыққан. Оның әділдігі, сөзге жүйріктігі мен ел бірлігін көксеген әрекеттері ұрпақ жадында сақталып келеді. Шеген бидің ұрпағы болған Қорғанбек Бірімжанов та осы жолды жалғап, халқының ар-намысын қорғаған, елдік мұратты ұстанған бірегей тұлғалардың бірі болды», — деді іс-шара ұйымдсатырушылары.
Расында да, Қорғанбек атамыз Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпағы, Шеген бидің немересі. Торғай уезінің Бестоғай ауылында дүниеге келген. Орынбор бекінісіндегі мектептен тәлім алып, дәстүрлі би мектебінен шыңдалып шыққан. Халық ауыз әдебиетін жақсы білген, шешен, көреген би болған. 1873 және 1877 жылдары Торғай өңірінен Санкт-Петербургке барған делегация құрамында болып, күміс медальмен марапатталды. 1880 жылы Қызыл Крест қоғамының арнайы белгісімен де иеленді.
1919 жылы Амангелді Иманов пен Алаш арыстары арасында бейбіт мәміле орнатуға күш салғандардың бірі де осы Қорғанбек би еді. Ел ішіндегі татулықты сақтау жолында ол ұдайы мәмілегерлік қызмет атқарған.
«Шеген ауылдық кітапханасында ашылған «Еліне қорған болған Қорғанбек» атты бұрыш — тек бір тұлғаның рухына тағзым емес, тұтас ұлттың тарихи жадына оралу. Бұл бұрышта Қорғанбек Бірімжановтың өмірі мен қызметіне арналған кітаптар, фотосуреттер мен мұрағаттық деректер қойылған. Оқырман қауым Алаш идеясына адалдық танытқан, ел мүддесі үшін күрескен қайраткердің өмір жолымен таныса алады», — дейді Ы Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі Жеңіс Құлтанов.