Биыл Қостанай облысында ардагерлерді шипажай-курортта емдеу қызметтерімен қамтамасыз етуге 100 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Мұндай әлеуметтік көмектің шапағатын көру үшін не істеу керек?
Әлеуметтік қызметтер порталында еліміздегі 100-ден аса шипажай тіркелген. Тегін және жеңілдетілген жолдаманының иесі сол жерден өзі қалаған шипажайды таңдайды. Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңына сәйкес мәртебесі белгіленген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, осы санатқа теңестірілген тұлғаларға, еңбек ардагерлеріне, соғыс ардагерлерінің жесірлеріне, ауған соғысының қатысушыларына тегін және жеңілдетілген жолдамалар беріледі. Сондай-ақ, жеке оңалту бағдарламасында санаторий-курорттық емделу ұсынылған мүгедектігі бар адамдар да дәл осы қызмет түрін пайдалана алады.
Жолдаманы рәсімдеу үшін әркім өзінің тұрғылықты жеріндегі емханасына немесе жұмыспен қамту бөліміне жүгінуі керек.
«Жеке оңалту бағдарламасы адамның денсаулығының хал-ахуалын бағалауға мүмкіндік береді. Мүгедектігі бар адамдардың әрқайсының оңалту бағдарламасы әртүрлі. Кейбіреуіне шипажай ем-шарасы ұсынылмайды, себебі медициналық тұрғыдан қарсы көрсетілім болуы мүмкін. Біз мүгедектігі бар адамдардың бәріне шипажай жолдамасын бермейміз. Оңалту бағдарламасында ұсынылса ғана аталған әлеуметтік көмек көрсетіледі. Соны ескеруіміз керек. Мысалы, психоневрологиялық ауытқуы бар азаматтар шипажайға жіберілмейді», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Мекебаева.
Мемлекет бюджеті есебінен шипажайлық-курорттық емдеу азаматтарға жылына бір рет беріледі. Жолдама бойынша 14 күндік ем-шара қабылдайды. Тегін немесе бағасы жеңілдетілген жолдаманы алып, уақытында шипажайға бара алмасаңыз, оны кері қайтаруға болады. Кейін өзіңіз қалаған мерзімге ауыстырып аласыз.
«Шипажай-курортта емдеу қызметімен қамтудың өзіндік ережелері бар. Шипажай көмегі кімдерге беріледі және кімдерге болмайтыны туралы сол жерде жазылған. Ережені интернет арқылы https://adilet.zan.kz/kaz/ порталынан қарап, оқи аласыз», – деді халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айтжамал Қоныспайқызы.
Қымбат ДОСЖАНОВА
