Бүгін қостанайлықтар алдағы қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын жерлестері Найль Башмаков пен Виталий Пухкалоны қолдауға шаңғы базасына жиналды.
Олардың арасында қалаға жақын маңдағы ауылдардан келіп, куә болғандардың қарасы жетіп артылады. Мәселен, Сарқын Әбенова Айсары жалпы білім беретін мектебінің тәлімгері.
«Осы спорт түріне оқушыларымыз жиі атсалысады. Ұстаздарымыз да аса белсенді. Бұл жолы марафонға он бес мұғалім, бес оқушымен келдік», – дейді спортшыларымызды қолдау марафонына келген Сарқын Қойшыбайқызы.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, марафонға екі мыңнан астам адам жиналған.
«Тұрғындардың қолдауы ерекше. Әлі де тілек білдірушілер тіркеліп жатыр. Қазір олардың саны екі мыңнан асты», – дейді басқарма өкілі Ерболат Жабағин.
Кездесуге келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жиналған қауымға ризашылығын білдірді.

«Күннің демалысына қарамастан, үлкен додада бақ сынағалы тұрған жерлестерімізді қолдауға келгендеріңізге алғыс білдіреміз. Қостанай шаңғы мектебінің тарихы тереңде. Сонау 1976 жылдан бастау алады», – деп атап өтті Бақытжан Нарымбетов.
Осы спорттың ардагері, Қазақ КСРО-НЫҢ еңбек сіңірген жаттықтырушысы Иван Вепрев осы жылдар ішіндегі үздіктеріміздің жетістігін тілге тиек етті.

Осылайша, қуатты сөзден азықтанып, қажырлы қайрат пен төзімділіктің, асқақ мінез бен нағыз спорттық рухтың кебін киген әуесқой жастар жолға шықты.

Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
