Күдікті Қостанайдағы Киевский көшесіндегі түзету мекемесіне негізгі қоршауы арқылы тыйым салынған заттарды өткізбек болған.
Қылмысты атқару жүйесі департаментінің хабарлауынша, №38 мекемесінің жедел және режим бөлімі қызметкерлері мен 6697 Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің бірлескен үйлесімді жұмысы қауіпті заттарды жеткізуге тырысқан күдіктіні ұстауға ықпал еткен.
«Күдікті режимді тексеру тобының кеңсесіне жеткізілді. Одан тексеру кезінде таспамен оралған екі бірдей түйіншек табылды. Ішінде төрт сенсорлық телефон, үш SIM картасы, бес құлаққап және екі зарядтағыш болды. Бұл оқиға мекемедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерлердің қырағылығы мен кәсібилігінің маңыздылығын көрсетеді. Оқиға фактісі бойынша барлық мәліметтерді растау үшін Қостанай қалалық Солтүстік полиция бөлімшесінен жедел—тергеу тобы шақырылды», – деп хабарлайды Қылмысты атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, тыйым салынған заттарды мекеме аумағына әкелу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.