Бүгін Қостанайда алғашқы қар жауып, ауа райының күрт өзгеруі тіркелді. Таңғы сағаттардан бастап жауын-шашын қарға ұласып, қала жолдары көктайғаққа айналды. Ауа температурасының төмендеуі және жауған қардың салдарынан көлік жүргізу қиындай түсті.
Қостанай облыстық Полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жолдарды бақылауды күшейтіп, жүргізушілерге арнайы ескерту жасады.
«Ауа райы нашарлап, жаңбыр мен қар жаууынан жолдар тайғақ және қауіпті бола бастады. Мұндай жағдайда жүргізушілер аса сақ болуы қажет. Жылдамдықты шектен тыс асырмаңыздар, күрт маневр жасау мен кенет тежегіш басудан аулақ болыңыздар. Әсіресе таңғы және кешкі уақытта жолдағы көру мүмкіндігі төмендейді. Бұл – апат қаупін арттыратын негізгі факторлардың бірі,» — деді Қостанай қалалық патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Мақсат Бәкіржан.
Ол сондай-ақ жол-көлік оқиғаларына көбінесе жүргізушілердің немқұрайдылығы мен ауа райының қолайсыздығына сәйкес әрекет етпеуі себеп болатынын атап өтті.
