Қостанайда полицейлер жол және коммуналдық қызметтердің қысқы дайындығын тексерді

Қостанайда полицейлер жол және коммуналдық қызметтердің қысқы дайындығын тексерді

Әкімшілік полиция қызметкерлері «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілдерімен бірлесіп, қысқы кезеңге жол және коммуналдық қызметтердің дайындығына тексеру жүргізді.

Профилактикалық іс-шараның негізгі мақсаты – көктайғақ пен қарлы боран жағдайларында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және арнайы техниканың үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету болды.

– Біздің міндетіміз – көктайғаққа қарсы материалдардың жеткілікті болуы, техниканың жарамдылығы және мердігер ұйымдардың тәуліктік жұмысқа дайындығына көз жеткізу, – деп атап өтті Қостанай облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы полиция майоры Серикпай Кадирбаев. – Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі тікелей дайындық сапасына байланысты.

Тексеру барысында арнайы техниканың техникалық жай-күйіне, жүргізушілер мен операторлардың бар-жоғына, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылды.

– Облыс бойынша 600-ден астам техника жұмылдырылып, 50 мың тоннадан астам құм-тұз қоспасы дайындалған, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалының өкілі Нургали Махмутов. – Мердігер ұйымдар толық дайындықта, барлық қоймалар қажетті материалдармен қамтамасыз етілген.

Тексеру қорытындысы бойынша әсіресе апаттылық деңгейі жоғары жол учаскелерінде профилактикалық шараларды күшейтуге қатысты ұсыныстар берілді. Полицейлер жүргізушілерге жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстыру және көру мүмкіндігі нашарлаған жағдайда жылдамдық режимін сақтаудың маңыздылығын ескертеді.