Қостанайда өмірден озған журналистерді еске алуға арналған кеш өтті

Қостанайда өмірден озған журналистерді еске алуға арналған кеш өтті

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде облыс тарихында өшпес із қалдырған журналистерге тағзым жасалды. Тағылымды іс-шараны Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы ұйымдастырды.

Тобыл-Торғай өңірінің журналистикасы қай дәуірде де көшбасшы қатарда, биік деңгейде болған. Ақпарат майданының алғы шебінде екенін әлі де дәлелдеп келеді.  Қос ғасырға алтын көпір орнатып, облыстағы БАҚ саласының дамып-жетілуіне зор еңбек сіңірген, әрқайсысы бір-бір мектепке айналған майталман журналистер қаншама. Қазына теңдеген қара нардай тұлғалардың, жасындай жарқ еткен көптеген әріптес аға-апаларымыздың арамыздан мезгілсіз алыстап кеткені жанға батады. Бүгінгі іс-шара қимас жандарды, асыл бейнелерді еске оралтуға арналды.

Рухани жиынға ақпарат саласының қайраткерлері, жергілікті тілшілер қауымы және журналистика факультетінің оқытушылары мен студенттер қатысты. Ұйымдастырушылар бұл іс-шараның ең әуелі өскелең буын үшін өткізіліп отырғанын айтты.

«Біз, журналистер, пишем о людях, өмірден кеткендерді еске аламыз, тарихты баяндаймыз, қаншама мақала қалдырамыз. Ал өзіміз туралы кім жазады? Біз неге соларды жазғандарды ұмытуға тиіспіз? Неге архивтерін ақтармасқа? Сондықтан біз БАҚ саласында мәңгі қолтаңбасын қалдырған қостанайлық журналистерді еске алуды жөн санадық», – дейді ҚЖО облыстық филиалының төрағасы Александра Серғазинова.

Бұдан соң әр редакция ұжымы әзірлеген видеоларға кезек берілді. Қысқа-нұсқа сюжеттерде Қостанай облысында баспасөздің, телевизия, радио салаларының қалыптасуы, еңсе тіктеуі, қанат жаюына еңбегі сіңген, өмірден озған қайраткерлер, сақа тілшілер және шебер фотографтардың  өмірі мен шығармашылығы баяндалған. Атап айтқанда, жиындағылар Сәлім Меңдібай, Валерий Ведено, Анатолий Гаврилов, Владимир Катков, Ольга Колоколова, Александр Кузьмичев, Шамат Таутабаев, Петр Томиловский, Тұрсынмәмет Бұқабаев сынды он шақты ардақты тұлғаның ғұмырдерегін сілтідей тынып отырып қарады. Соңында қатысушылар сөз алып, бүгінгі іс-шараның мән-маңызы жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқыңыз.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Жаңалықтармен бөлісу