Қостанайда майданда қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым жиыны өтті (ФОТО)

Қостанайда майданда қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым жиыны өтті (ФОТО)

Биылғы мереке Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше мазмұнда ұйымдастырылып, соғыс ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне арналған алғыс пен құрметтің шынайы көрінісіне айналды.Қостанайда мереке күнгі басты іс-шаралар Жеңіс саябағындағы Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі, мемлекеттік органдардың басшылары, әскери қызметкерлер, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Гүл қою сәтінде соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, еліміздің бейбіт өмірі үшін құрбан болғандарға тағзым жасалды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өз сөзінде:
“Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің сексен жылдығын кеңінен атап өту туралы тапсырма берді. Бұл мерейтой батырларға тағзым етуді, жас ұрпаққа батырлық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің мәнін түндіреді. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғыры, еңсеміздің биік болуы ерліктің жемісі. Бұл – тарихты ұмытпау, ерлікке тағзым ету күні. Қазіргі жастар адагерлеріміздің ерлігі мен қаһармандықтан үлгі алып, ой түйеді. Біздің мақтанышымыз, олардан қалған мұра – бейбіт өмір мен отансүйгіштік рухын сақтау парызымыз”, – деп атап өтті.

Мерекелік бағдарлама аясында Ілияс Омаров атындағы Қазақ театры ерлік жырын паш етті. «Әлия» әні шырқалды. Жерлес жауынгерлердің есімдері ардақталды. Экспозициялық көрме ұйымдастырылды. Онда соғыс жылдарына қатысты тарихи фотосуреттер, сарбаздардың күнделіктері, әскери киімдер мен қару-жарақ үлгілері қойылды. Көрме қонақтарға өткен ғасырдағы қиын кезеңдер туралы тереңірек түсінік беріп, жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызды құралы болды.

Осы Жеңіс саябағында дәстүрлі «Солдат ботқасы» акциясы да өтті. Қонақтар мен тұрғындар дала асханасынан дәм татып, жауынгер өмірін бір сәт сезініп көрді. Әскери марштар ойналып, патриоттық әндер шырқалды.

Бұл күн Қостанай тұрғындары үшін тек тарихи оқиға ғана емес, бейбіт өмірдің бағасын түсіну мен келер ұрпаққа аманат ету күні ретінде мәдени іс-шаралармен жалғасын тапқалы тұр.

Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ