Жеңіс мерейтойына орай ардагерлерге қолдау көрсетілді

Жеңіс мерейтойына орай ардагерлерге қолдау көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай Қостанай облысында ардагерлер мен оларға теңестірілген азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған кешенді іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Өңірде қанды қырғынға қатысқан 10 майдангер, сондай-ақ ардагерлерге теңестірілген 1949 адам тұрады. Олардың барлығы мерейтойға орай, жыл бойы әлеуметтік және медициналық қолдауға ие болуда.

Жеңіс күніне орай соғысқа қатысушыларға 5 миллион теңгеден, фашистік концлагерь тұтқындарына 100 мың теңгеден, қоршаудағы Ленинград тұрғындарына 60 мың теңгеден, тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңгеден, қаза тапқан ардагерлердің жесірлері мен әйелдеріне 50 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Бұл төлемдерге бюджеттен жалпы 164,7 миллион теңге бөлінген.

Мамыр айының басынан бастап барлық ардагерлер мен оларға теңестірілген азаматтарға Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтой медальдары табысталды, барлығы 1959 адам.

Ардагерлерге ай сайын әлеуметтік көмек көрсетіледі: соғысқа қатысушыларға – 39 320 теңге, теңестірілген санаттарға – 11 796 теңге.

Санаторийлік-курорттық емдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 356 адамды сауықтыруға 108,7 миллион теңге қаралған. Сонымен қатар, санаторийді өз бетінше таңдаған азаматтардың шығындарын өтеуге 54,4 миллион теңге бағытталып отыр.

7 мамырда Қостанай облысынан делегация Астанада өткен Әскери парадқа қатысты. Делегация құрамына ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және сүйемел топ кірді.