13 июня, 2025
Қостанайда мәдениет пен өнер саласының үздіктері марапатталды

Қостанайда мәдениет пен өнер саласының үздіктері марапатталды

Бүгін Қостанайда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтті. Салтанатты кешке облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, мәдениет майталмандарын құттықтады.

Әкім өз сөзінде мәдениеттің ұлттың рухани тірегі ретіндегі маңызына тоқталып, еліміздің өркендеуі – мәдениеттің дамуына тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бұл кеш – тек шығармашылық байқаудың қорытындысы емес. Бұл – ұлттық болмысымызға, тарихымызға, Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Мәдениет – кеше де, бүгін де, ертең де ұлттың жүрегі болып қала береді», – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс басшысы Қостанай өңірінде мәдениет саласына ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Соңғы үш жылда саланы қаржыландыру көлемі 62 пайызға өсіп, биыл 17,6 млрд теңгеге жеткен. Бірқатар ауданда жаңа мәдениет үйлері ашылып, Қостанай қаласында екі кітапхана күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңғыртылып, заманауи өнер музейі мен көркемсурет галереясы ашылады деп жоспарлануда.

Мәдени инфрақұрылыммен қатар, халық шығармашылығын дамыту да басты назарда. Биыл аймақта алғаш рет үш халықаралық театр фестивалі өтуде. 14 халық театры ашылып, белсенді жұмыс жүргізуде.

«Өнеріміз саған, Қазақстан!» жобасы бүгінде бұқаралық өнердің ең ірі алаңына айналды. Биыл оған 2 500-ден астам өнерпаз қатысты. Бұл – руханияттың тірі екенін көрсетеді», – деді облыс әкімі.

Салтанатты кеш барысында Қонысбек Бегайдаров, Анна Тимофеева, Александр Евсюков сынды өңірдің мәдениетіне сүбелі үлес қосқан азаматтарға жоғары мемлекеттік марапаттар табыс етілді.

Ал кеше ғана Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның солисі Манапбек Қадіров «Құрмет» орденін алған болатын.

Мереке қарсаңында бірқатар өнер майталмандарына мемлекеттік наградалар табысталды:

• «Парасат» ордені – Қоныспек Бегайдаров пен Антонина Тимофееваға табысталды;

• «Құрмет» ордені – Александр Евсюковқа;

• «Ерен еңбегі үшін» медалімен – Юлия Дюсебаева марапатталды.

Сонымен қатар, мәдениет саласында абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтарға:

• Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасы лайықты жандарға табысталды.

XXXVII облыстық «Өнеріміз саған, Қазақстан!» байқау-фестивалінің қорытындысы да осы жиын аясында жария етілді. Халық шығармашылығы – ұлттың жаны мен рухы, сарқылмас шабыт пен тегеурінді таланттың қайнар көзі екенін дәлелдеген бұл байқауға облыстың 17 аудан-қаласынан 170-тен астам өнерпаз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Байқау қорытындысы бойынша:

 

• Бас жүлде – Рудный қаласы, (5 млн теңге).

Аудандар арасында:

 

1 орын – Федоров ауданы.(3 млн теңге).

 

2 орын – Қостанай ауданы. (2млн теңге).

3 орын – Жанкелдин ауданы.(1млн теңге).

Қалалар арасында:

1 орын — Қостанай қаласы, (3 млн теңге).

 

2 орын — Арқалық қаласы, (2 млн теңге).

3 орын — Лисаков қаласы, (1 млн теңге).

Фестивальдің шарықтау шегі ретінде өткен Гала-концерт мерекелік кештің көркін қыздырып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Қатысушылар ұлттық өнердің сан қырын паш етіп, ел бірлігі мен рухани құндылықтардың биік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Құмар Ақсақалов барша мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне алғыс білдіріп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Сіздер тек жұмыс істеп жүрген жоқсыздар, сіздер ел мен өңірдің рухани іргесін бекемдеп отырсыздар. Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, өнер – халықтың жүрегі. Баршаңызға шығармашылық шабыт, жаңа табыстар мен жарқын жетістіктер тілеймін!» – деді өңір басшысы.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев