ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті орта білім беру ұйымдарының қызметіне кешенді талдау жүргізіп, еліміздегі ең үздік 100 мектепті анықтады.
Олардың арасында кеншілер қаласының Бейімбет Майлин атындағы 7 мектеп-гимназиясы да бар болып шықты.
Ол туралы осы мектептің директоры Қымбат Бірманова әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.
«Мақтаныш пен шынайы қуаныш сезімімен «Бейімбет Майлин атындағы 7 мектеп-гимназиясы» Қазақстан Республикасының үздік 100 мектебінің және облыс бойынша үздік 5 мектептің қатарына енгенін хабарлаймыз!» – деді жазба авторы.
Бүгінде мемлекет мектеп білімін дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен мұғалімдердің кәсіби дамуына жағдай жасалуда, халықаралық тағылымдамалар мен оқу бағдарламалары енгізілуде, шетелдік ұйымдармен әріптестік бастамалар іске асырылып, педагог мәртебесі артып келеді.
«Біздің жетістігіміз — кездейсоқтық емес. Бұл — мектеп ұжымының күнделікті ерен еңбегінің, шынайы командалық рухтың нәтижесі. Мұғалімдердің әр сабағына жанын салып, кәсібилігін көрсетуі, оқушылардың білімге ұмтылысы мен жетістіктері, ата-аналардың қолдауы мен белсенділігі — осының бәрі бірлескен жеңіске жетеледі», – дейді мектеп басшысы.
Бағалау кезінде білім беру сапасын сырттай бағалау нәтижелері, мектептерге арналған PISA және PISA халықаралық зерттеулеріне қатысу, білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі деректері, мемлекеттік аттестаттау қорытындылары, оқушылардың жетістіктері, педагогтердің біліктілігі, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау, тәрбие жұмысының тиімділігі, қолайлы мектеп ахуалы, ғылыми, экологиялық және әлеуметтік жобаларға қатысу бойынша бақылау және бағалау іс-шараларының қорытындылары негізінде кешенді талдау жүргізілді. Сонымен қатар басқарудағы ашықтық қағидаттары да ескерілді.
«Бұл ең үздік мектептердің тізімі ғана емес. Бұл – мұғалімдер мен мектеп әкімшілігінен бастап ата-аналар мен оқушыларға дейінгі барлық мектеп ұжымының үйлесімді, кәсіби және жауапты жұмысының көрінісі. Әр бала өзін қолдайтын, шабыттандыратын және әлеуетін ашуға көмектесетін мектепте оқуы керек», – деп атап өтті Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.
Бастама орта білім беру сапасын арттыруға және балаларды оқыту мен тәрбиелеу бойынша тиімді әдістемелерді таратуға бағытталған және ол жыл сайынғы практикаға айналады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 8 мың мектеп жұмыс істейді, онда 3,9 миллионнан астам бала оқиды және 412 мың педагог еңбек етеді.