Қостанайда Конституцияның жаңа жобасы кеңінен талқыланды

Қостанайда Конституцияның жаңа жобасы кеңінен талқыланды

«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалында «TALQYLAU» диалог алаңы өтті. Іс-шараға Ұлттық құрылтай мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, партия активі, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділері мен сарапшылар қатысып, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын кеңінен талқылады.

Диалог алаңының ашылуында сөз алған Ұлттық құрылтай мүшесі, «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Серік Бектұрғанов Конституциялық реформалардың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, ол мұндай диалог алаңдары халықтың пікірін ескерудің тиімді тетігі екенін атап өтті.

Ұлттық Құрылтайда айқындалған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту, мемлекеттің зайырлы сипатын сақтау және әлеуметтік саясатты жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар Ата Заң жобасына енгізілетін түбегейлі өзгерістерді саралап, олардың қоғам өміріне тигізер ықпалына ерекше назар аударды.

blank

            «Отбасы институтының қалыптасуына, нығаюына оны насихаттауға үлкен көңіл аударған жөн. Ата-ананың жауапкершілігін күшейту, одан қалды басқа мемлекеттік органдармен қосымша отбасын нығайту үшін, отбасына көңіл аударуға көп мәселелер бөлінген. Егер біз отбасыға қазірден ден салатын болсақ, көптеген мәселелерді шешеміз. Яғни, құқық бұзушылықты азайту, жетім балалардың санын кеміту, балаларға қосымша білім, тәрбие беру құндылықтары алға шығар еді», – дейді бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Бәсенова.

blank

Конституция жобасындағы жаңашыл бастамаларды азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе талқылау, халықтың ұсыныс-пікірін ескере отырып, негізгі ережелерді барынша түсінікті әрі тиімді етуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу маңызды.

            «Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің одан әрі демократиялық және құқықтық дамуы жолындағы маңызды белес. Ата Заң жобасы барлық негізгі мәселелерді қамтиды. Олар әлеуметтік, экономикалық, саяси және тағы басқа бағыттар. Жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, сөз бостандығына да кепілдік беріледі. Менің ойымша, Конституция жобасы ел дамуының барлық заманауи аспектілерін реттеу үшін қажет», – деді белгілі ғалым Денис Качеев.

blank

            Диалог алаңына барлығы 60-қа жуық адам қатысты, оның ішінде 20 қатысушы онлайн форматта қосылды.

Талқылау барысында тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Табулденов Конституциялық реформалардың тарихи және қоғамдық маңызына тоқталып өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Ол азаматтардың құқықтарын қорғау мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелерінің Конституцияда нақты көрініс табуы – тұрақты даму мен әділетті қоғам құрудың маңызды алғышарты екенін атап өтті.

blank

Жиын қорытындысында қатысушылар Конституцияның жаңа жобасына қатысты бірқатар нақты ұсыныстарды тұжырымдады. Аталған диалог алаңы қоғамдық пікірді ескерудің, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауда ашықтық пен сындарлы диалогты қамтамасыз етудің тиімді үлгісі болды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

суреттерді ұсынған — «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі