Бүгін таңертеңгілік этномәдени бірлестіктердің өкілдері, әр саланың өзге де мамандары, оқушылар мен студенттерден құралған қала тұрғындары Гашек көшесінің бойындағы Тобыл жағалауына жиналды.
Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 мамыр мерекесіне орай республикалық «Бірлік жүгірісі – 2025» жарысы өтті.
Мемлекеттік Гимн орындалып, салтанатты ашылу рәсімінде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Қарымсақова қатысушыларды құттықтады.
–Бұл жүгіріс – жай ғана спорттық іс-шара емес. Бүгін біз бір командадай, бір халықтай, бейбітшілік, келісім мен өзара құрмет жолымен бірге жүгіріп келеміз. Бұл, әсіресе, біздің Қостанай облысында ерекше маңызға ие, өйткені мұнда 50-ден астам этнос өкілдері татулық пен достықта өмір сүруде. Осы – біздің өңірдің күші, халқымыздың қуаты, – деп атап өтті Динара Қарымсақова.
Ассамблея үш онжылдық бойы бірлік пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді, ал бүгінгі жүгіру – соның жарқын дәлелі іспеттес.
Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы айтып өтті.
–Қазақстан халқы бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл елімізде үлкен іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның бірі осы – бірлік жүгірісі. Бұл жарысқа сегіз жүзге тарта спортшылар қатысса, соның бес жүзден астамы Ш.Қабылбаев атындағы ІІМ курсанттары. Араларымызда спорт ардагерлері мен облыс тұрғындары да бар. Республика бойынша өтіп жатқан бірлік жүгірісі –үш онжылдық бойы бірлік пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып келе жатқанымыздың жарқын дәлелі, – деді Дулат Советханұлы.
«Бұл тарихи оқиға. Қазақстан халқы ассамблеясының отыз жылдығы мен бірілік күні астасып, алғаш рет біріккен жүгіріс ұйымдастырылып отыр. Қандай мемлекет болмасын оның ең басты байлығы халқы, саны мен сапасы. Бірінші кезекте денсаулығы, білімі мен рухани күштілігі».
ҚХА ардагері Калқаман Жақыптың пікірі осыған саяды.
Жеңіл атлетикадан төреші, қосымша білім беру педагогы Құрманай Исергепов жарыс бағдарламасын толық түсіндіріп өтті.
Жүгіру бірнеше қашықтықты қамтыды. Инклюзивті спортшылар үшін 0,5 км, әр жастағы балалар үшін 1,1 км және 16 жастан асқандар үшін 8 км қашықтықта белгіленді. Әр спортшыны жанкүйерлердің қошеметі мен қала тұрғындарының қызу қолдауы демеу болды.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, зейнеткер Сергей Поликарпов сегіз шақырымдық марафонда мәре сызығын бірінші кесті.
Ол бұрын Міржақып Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде ұстаздық еткен. Бірнеше жарыстардың жеңімпаз, жүлдегері.
– Осынша қашықтықты жүгіріп өту маған қиын соққан жоқ. Жастарға ұқыпты дайындық керек деп айтар едім. Айналма жолдың белгілері де орнымен қолайлы қойылыпты. Бастысы жағдай бар, аса әзірлікті талап етеді, – дейді Сергей Поликарпов.
Айта кетейік, «Бірлік жүгірісі» тек облыс орталығында ғана емес, сондай-ақ өңірдің қалалары мен аудандарында да өтті. Әрбір елді мекенде тұрғындар қашықтыққа шығып, өздерінің ынтымақтастығын білдіріп, салауатты өмір салтын қолдап, қазақстандық қоғамның ауызбіршілігін көрсетті.
Кең көлемде ұйымдастырылған бұл іс-шара шын мәнінде өңірлік спорт мерекесіне айналды.
Халықымыздың бұл бірлігі Германиядан келген Самуэль Алфияны қатты таңғалдырды. Ол «KamLitKZ» компаниясына бөлшек құрастыру жабдықтарын орнатуға келгенін айтып жатыр.
– Қазақстанға бірінші рет келдім. Қостанай қаласы маған ұнап қалды. Мұнда «Эмак» компаниясының атынан бір ай бұрын келдік. Өзіме жүгірген жарқын сезім сыйлайды. Осында келгеннен бері 200 шақырым жүгірдім. Күнделікті қала ішінде серуендеп, жүгіруді дәстүрге айналдырдым, – дейді германиялық қонақ.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар бірлікті нығайтып, жаңа жетістіктерге шабыт беретінін және өңір үшін игі дәстүрге айналатынына сенім білдірді. Баршамызды біріктіретін ортақ сезім Отанға деген махаббат, бір-бірімізге деген құрмет пен бірлікке деген ұмтылыс.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков