24 июня, 2025
Қостанайда Балалар күні кең ауқымда аталып өтті

Қостанайда Балалар күні кең ауқымда аталып өтті

1 маусым – Балалар күніне орай Қостанай қаласында түрлі қызықты әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың бірі – Дене шынықтыру және қосымша білім беру орталығы өткізген спорттық-мәдени шаралар кешені.

Орталықтың директоры Қуаныш Бимурзиннің айтуынша, бұл күн балалар үшін мерекелік көңіл-күй сыйлаумен қатар, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін шыңдауға бағытталған.

– Біз бүгін спорт түрлерінен интерактивті алаң ұйымдастырдық. Мұнда асық ату, волейбол, футбол, баскетбол сияқты ұлттық және заманауи спорт түрлері қамтылды. Каратэ секциясының балалары өз өнерлерін көрсетті. Спорттық эстафеталар да өтті. Бұдан бөлек, балалар үшін техникалық шығармашылық алаңы мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Гиганттық шахмат ойыны да үлкен қызығушылық тудырды, – деді Қуаныш Бимурзин.

Іс-шараға қала мектептерінен жүздеген оқушы қатысты. Солардың бірі – №20 мектептің оқушысы Әлішер Жиентаев. Ол волейболдан өткен жарысқа қатысып, жақсы ойын көрсетті. Айтуынша, екі жылдан бері волейбол үйірмесіне қатысып келеді.

– Маған спортпен шұғылданған ұнайды. Әсіресе, командалық ойындар қызықты. Бүгінгі жарыс өте көңілді өтіп жатыр, – дейді Әлішер.

Ал баскетболға алғаш рет қатысып көрген Әзиза Алдиярова болса, допты бірден торға дәл түсіріп, баршаны таңғалдырды.

Іс-шараға келген ата-аналар да ерекше қуанышты. Бижамал Есмұқанова екі немересін ертіп келген. Немерелері Астанадан қыдырып келген екен.

– Мұндай мерекелер балаларға ерекше әсер қалдырады. Немерелерім бүгін түрлі ойындарға қатысып, өте қуанышты. Қостанайда осындай шаралардың көп болғанын қалаймыз, – дейді ол.

Орталықтағы субұрқатар да іске қосылып, жұрт мәре-сәре күй кешті.

Қостанай Plaza сауда орталығының маңында Төтенше жағдайлар департаменті де балалар үшін арнайы шара ұйымдастырды.

Мамандар құтқару техникаларын көрсетіп, балаларға арналған тренинг өткізді. Кішкентайлар арнайы киімдерді киіп, өздерін нағыз құтқарушы сезінді.

– Балаларға қауіпсіздік туралы түсіндіру – басты мақсатымыз. Олар техникамен танысып, қызығушылық танытып жатыр. Бұл – олардың болашақта жауапкершілікті сезінуіне сеп болады, – деді департамент өкілдері.

Мерекенің шарықтау шегі Қостанай гуманитарлық колледжі студенттерінің ұйымдастырған жарқын флешмобы болды. Музыка ырғағымен мың бұралған би, түрлі-түсті шарлар мен шат күлкі – барлығы да бұл күннің есте қаларлықтай өтуіне себеп болды.

Осындай ауқымды шаралар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың бойында денсаулыққа құштарлықты, шығармашылық қабілетті және қоғамдық белсенділікті дамытатыны сөзсіз.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков