Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) «Қазақстанда, Моңғолияда және Өзбекстанда тұрақты инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін бизнесті жауапты жүргізу» есебін ұсынып, онда үш елдің орнықты дамуының ұлттық стратегияларына бизнесті жауапты жүргізу қағидаттарының (БЖЖ) интеграциялану дәрежесі талданды.
Құжатта Қазақстанға БЖЖ стандарттарын институттандыруда елеулі прогреске қол жеткізген, оларды өзінің әлеуметтік-экономикалық күн тәртібіне жүйелі деңгейде енгізген ел ретінде айрықша назар аударылған.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстан БЖЖ қағидаттарын іске асыруда жан-жақты және сектораралық келісілген тәсілді көрсетуде. Ұлттық стратегия еңбекті қорғау, экологиялық жаңғырту, декарбонизация, адами капиталды дамыту және бизнестің ESG-күн тәртібіне қатысуын ынталандыру секілді аса маңызды бағыттарды қамтиды.
Есепте қол жеткізілген прогресс негізінен отандық өндірушілерді қолдауға, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ экономикалық дамудың орнықты тетіктерін нығайтуға бағытталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің жүйелі шараларымен қамтамасыз етілгені атап көрсетілген.
