23 мая, 2025
Қостанайда азық-түлік жәрмеңкесі өтіп жатыр

Қостанайда азық-түлік жәрмеңкесі өтіп жатыр

Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі қала орталығында сөре жайды.

Сауда-саттық іс-шарасына Қостанай, Рудный қалаларынан және 11 ауданнан 125 кәсіпорын қатысып жатыр. Қайта өңделген ферма және алқап өнімдерін ұсынып отырған кәсіпкерлер де бар. Жәрмеңкеге ең көп әкелінгені — ет, сүт, көкөніс өнімдері және, әдеттегідей, бірнеше сұрыпты жұмыртқа.Баға нарықтағыдан 15-тен 30 пайызға дейін арзан. Мәселен, жылқы етінің келісі 2600-2700, сиыр еті 2300-2500, шошқа еті 1700 теңгеден сатылып жатыр. Сәйкесінше, халық та ет өнімдерін пышақ үстінен бөліп әкетуде.

«Ұзынсары мезгілі туды ғой. Соғым еті өте азайып қалып еді. Базардағы, ет дүкендеріндегі баға қымбаттау. Жәрмеңке болатынын естіп, таң-азаннан осында келдік. Қалағанымызды таптық. Асықпай таңдап жүріп, 15 келі жылқы етін алдық. Сұйық май да арзан екен: бес литрлігінен екеуін көлік багажына арттық», — дейді қала тұрғыны Жұмабек ақсақал.

Сұйық май демекші, сөрелерден Меңдіқара және Ұзынкөл аудандарында шығарылған өнімдерге көзіміз түсті. Литрі — 600-800 теңге аралығында.

«Бұл — табиғи таза өнім. Өзімізде өндіріледі. Жақсы сүзгіден өткен, артық қоспасыз. Жәрмеңкеге ғана шығарып жүргеніміз жоқ. Іздесеңіз, облыс орталығындағы көптеген сауда нүктелерінен кезіктіре аласыз», — дейді Ұзынкөлдің күнбағыс майын сатушы.

Бұдан бөлек, «Жас қанат 2006» ЖШС-нің С1 сұрыпты жұмыртқасы 450, «Север птица» кәсіпорнынікі 430 теңгеден сатылып жатыр. Тұрғындар жуа, картоп, жеміс-жидек, табиғи бал және шұжық өнімдеріне де ұзын-сонар кезекке тұрды. Жәрмеңке басында кәуап істеліп, ыстық сусындар таратылып, көңілді ән-күй қосылып, сауда-саттық мерекесінің тартымы арта түсті.Таңғы 9:00-де басталған жәрмеңке түс ауғанша тарқамайды.