Арқалықта қалалық спартакиада басталды

Арқалықта қалалық спартакиада басталды

Арқалықта қала мекемелерінің арасында спартакиада басталды.

Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған жарыстың салтанатты ашылуында еліміздің әнұраны ойнатылып, қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтау сөз сөйледі. Келесі кезекте жарыстың өту тәртібімен және ойын кестесімен бас төреші Бағдат Махатов таныстырып шықты.
Қала мекемелерінің спартакиадасына 14 мекеме қатысып бақтарын сынауда. Айта кетерлігі жарыс екі аптаға созылып, спорттың 10 түрін қамтиды. Атап айтқанда, футбол, волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шахмат, қол күресі, гір спорты, арқан тартыс, жүзуден жарыс және дартс түрлерін қамтиды.

«Бұл спартакиада Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру, бұқаралық спортты дамыту, спорттық жарыстар арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізіліп жатыр. Жарыс арқылы еңбек ұжымдарын спортпен тұрақты шұғылдануға тартып, мекемелердің қызметкерлерінің достық қарым – қатынастарын байланыстыру»,-дейді Арқалық қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков.

Жарыстың алғашқы күні жоғарыда аталған спорттық сайыстардың арасынан шахмат, дартс, футбол және жеңіл атлетикадан жарыстар өтті. Командалық жарыстардың жанкүйерлері де мол. Мамандардың мәлімдеуінше қалалық спартакиада жыл сайын қарқын алып келеді. Мысалы, өткен жылы осы сайысқа 10 команда тартылса, биыл 14 команда қатысып отыр.

Мұрат Жүнісұлы,
Суреттерді түсірген – автор