Қостанайда аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттемелер жиыны басталды

Қостанайда аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттемелер жиыны басталды

Оған әскери міндетті азаматтар жұмылдырылды. Запастағы әскери қызметшілер он күн бойына әртүрлі нысандарды қорғау және шартты қарсыластың диверсиялық топтармен күрес тәсілдерін пысықтайды.

Далалық оқу-жаттығуы жыл сайын өткізіледі. Биылғы оқу-жаттығуға қатысуға 80-нен астам әкери міндетті ниет білдірген.

            – Қыркүйек айының 12-22 аралығында әскери міндеттілермен жиындар өтеді. Оларға оқу-жаттығу сабақтары жүргізіледі. Яғни, тактикалық, құқықтық және жауынгерлік сабақтар болады. Әскери жиын соңында өзінің қабілетін көрсеткен азаматтар әскери шен алып, медаль және алғыс хатпен марапатталатын болады, – дейді 99260 әскери бөлім командирінің тәрбие және идиология жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Мадияр Өтегенов.

Елдар Жылқышы 2017 жылы Отан алдынағы борышын өтеу үшін әскер қатарына алынған. Араға бес жыл салып қайта даярлаудан өтуге келіп отыр.

            – Ақтау қаласындағы шекара қызметіне әскери борышымды өтедім. Жақында қорғаныс істері жөніндегі басқармадан хабарласып қайта даярлаудан өтуім қажет екенін айтты. Шақырту бойынша оқу-жиындарына қатысуға келісімімді бердім. Арада біршама уақыт өтсе де өзімді жақсы қырынан көрсетуге дайынмын. Қалыптасқан негіз бар, – дейді әскери міндетті.

Айта кету керек, аумақтық әскерлердің бөлімшесі Қостанай облысында екі жыл бұрын құрылған. Аумақтық әскерлердің құрамаларына Қарулы күштердің аумақтық әскерлері мәртебесі берілді. Қажеттілік туындағанда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғи, техногендік сипаттағы оқыс оқиғаларды және олардың салдарын жоюға жұмылдырылады. Мысалы, олар Әулиекөл ауданында болған орман өртін өшіруге қатысты. Ал ерекше кезеңде олар халықты эвакуациялауға, объектілер мен коммуникацияларды диверсиялық топтардың террористік әрекеттерінен қорғауға көмектеседі.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу