Жуырда Қостанай қаласында «ақылды» жаяу жүргіншілер жолағы пайда болмақ. Мұндай ерекше жолақтың негізгі үлгісін жергілікті кәсіпкерлер Қытайдың Гуанчжоу қаласына барғанда көрген.
Жаңашылдық Алтынсарин көшесінде, Қазпочта аумағындағы жаяу жүргіншілер жолағына енгізілмек. Қазіргі уақытта аталған жерге қызыл және жасыл түсті болып жанатын шамдар орнатылуда. Қала әкімі Марат Жүндібаевтың айтуынша, мұндай инновациялық шешім жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін жасалуда.
«Көшені жарықтандырумен айналысатын кәсіпкерлердің бірі туған қаламызға сый ретінде аталған үлгіні жасап беруге шешім қабылдады. Қажетті құрылғыларды Қытайдан алдырып қойды. Бастама кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен жасалуда. Қазір жарықшамдар орнатылып, жұмыстың 40 %-ті атқарылды. «Ақылды» жолақтың қандай нәтиже беретінін алдағы уақытта көреміз. Пайдасы тиіп жатса мектеп жанына да қоямыз», – деді қала әкімі Марат Қонысбайұлы.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретте: Гуанчжоу қаласындағы «ақылды» жолақ
Суретті жолдаған қала әкімдігінің баспасөз қызметі
