Қостанайда алғаш рет жас дизайнерлердің «Jas Design-2023» топтамалары көрсетілді

Қостанайда алғаш рет жас дизайнерлердің «Jas Design-2023» топтамалары көрсетілді

Іс-шара облыстық орыс драма театрының қабырғасында өтті. Модельдер біздің облыс орталығы, Лисаковск және Рудный қалаларының талантты шеберлерінің он киім үлгісін көрсетті.

Қостанайда «Jas Design» – осы жылдың тамыз айында басталған сән және этнодизайн саласындағы мәдени жобаның кезекті көрсетілімі өтті.

Іс-шараны жылына кемінде үш рет өткізу дәстүрге айналған. Өткен көрсетілімдегідей, бұл жолы да өз коллекцияларын жеті сәнгер таныстырды, тек осы жолы олардың барлығы тек қостанайлықтар болып отыр.

Jas Design-тің басты ерекшелігі, оның атауынан түсінікті, барлығы жас дизайнерлер. Бұндай шараға қатысу арқылы олар тәжірибе жинақтайды. Олардың барлығы осы іс-шарада сән әлемінде дебют жасады. «Jas Design» байқауының ережелеріне сәйкес әр сәнгер 10 костюм ұсынды.

Көрмені қостанайлық дизайнер Жанара Джагалтаеваның «Дала гүлдері» топтамасы ашты.

Киімдерге жүннен, эко-былғарыдан, күдеріден және басқа материалдардан жасалған этникалық элементтер кірді.

–Киімді дайындауға менде үш ай уақыт болды. Осы уақыт ішінде мен жоспарымды жүзеге асыра алдым, өз шеберлігімді көрсете алдым. Мен жай ғана талғампаз емес, сонымен қатар күнделікті киюге ыңғайлы нәрсе жасағым келді. Бұл өте креативті және алуан түрлі болып шықты. Мен сыртқы киімге баса назар аудардым, –дейді шебер.

Одан соң Наталья Шарова «желдер әні туындысымен ортаға шықты. Ол «pret-a-porte» номинациясының жеңімпазы атанды. Оның коллекциясы заманауи технологиялармен үйлесім тақан киізден жасалған бұйымдардан тұрды.

Тағы бір финалист Айгүл Темірбекова «Этника» номинациясының жеңімпазы атанды. Ол келген қонақтарды аты аңызға айналған Құрманғазының «Адай» күйінің көркемдік идеясын бейнелейтін дәстүрлі қазақ костюмдерімен көзге түсті.

Ол бұрын балаларды сурет салуға және музыкаға үйретумен айналысатын кәсіпкер ретінде танымал болған.

Оның «Мольберт» көркемсурет студиясы «Жұлдыз» музыкалық студиясы Қостанайдың үш бөлігінде орналасқан шығармашылық холдингі болып табылады.

 – Мен өз ансамбліме костюмдер тігуді 8 жыл бұрын бастадым. Біз шетелге концерттермен жиі баратындықтан, мен этникалық киімдерімізді, олардың сұлулығын, ою-өрнектерін көрсеткім келді. Біртіндеп барлық коллекция пайда бола бастады. Сән әлеміне келуіме Франиядағы оқиға себеп болды. 2018 жылы тәрбиеленушілеріммен бірге Парижге концертпен бардық. Француздар жас әртістердің киімдерін жоғары бағалады. Олар неге біз оларға сән көрсетілімдерімен келмейтінімізге таң қалды. Қызығушылықтары артып, қазылар алқасы суретшілерден костюмдерді жақсырақ көру үшін сахнаға шығуды сұрады. Киімдер киізден жасалған, олар үшін бұл тағсық дүние болды. Сол кезде маған киім тігумен айналысуды бастау идеясы келді. Мен барлық костюмдерді өзім ойлап табамын, олар менің эскиздеріме сәйкес тігіледі. Менің тәрбиеленушілерім әр түрлі жаста, сондықтан коллекциялар балаларға да, ересектерге де арналған, ерлер костюмдері де бар. Кейбір концертке арналған костюмдер – әйелдер шапандары бар. Оларды мереке күндері анам мен менің тәрбиеленушілерімнің әпкелері киеді. Қыз ұзатуда қалыңдықтар киген көйлектер де бар, – дейді Айгүл Темірбекова.

Сондай-ақ, дизайнерлер Алина Линд пен Арина Сафиулина теңіз және этностилистік элементтерді біріктірген коллекцияларын ұсынды.

– Біз бұл идея байқауға дейін ойымызда жүрген болатын. Бізге қатысуға мүмкіндік берілгенде, біз бұл мүмкіндікті жіберіп алмаймыз деп шештік және бірден ойымызды іске асыруға кірістік. Біз шараға жеңу мақсатында емес өзімізді көрсету үшін қатысқымыз келді, – дейді Арина.

Қазылар алқасының құрамына еліміздің үздік дизайнерлері кірді, олардың жұмыстары шетелдік подиумдарда бірнеше рет көрсетілген болатын. Жалпы, шоу жағымды әсер қалдырды. Келген қонақтар риза болып тарқасты.

Бетті әзірлеген Әсел ҚИБАШ

Суреттерді түсірген Б. Мейрамұлы

Жаңалықтармен бөлісу