Бүгін облыстық «Қостанай таңы» газеті басшылығының ұйымдастыруымен «Тіл тазалығы. Қазір қолданыста жүрген, жиі кездесетін қателер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Қарашаңырақ қабырғасындағы келелі жиынға есімдері елге танымал тіл мамандары, тәжірибелі педагогтар шақырылды.
Тіл мәселесі – қозғай берсең, қоздай беретін күрделі тақырып. Оның түйінін тарқатып, қоғамдық деңгейде қозғау салуға кеудесінде ұлттық рухы бар әр азамат мүдделі. Сондықтан қашаннан ұлт руханиятының жоқшысы болып келе жатқан қарт басылымның қолға алған бұл жобасы зор маңызға ие. Жиын мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі кейбір түйткілдерді, білім беру үдерісіндегі жас ұрпаққа қазақ тілін үйрету барысын талқыға салу, нормаға айналып кеткен қателіктерді сүзгіден өткізу.Жиынға ҚР білім беру ісінің үздігі Биалаш Сүйінкина, М.Горький атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәния Ақмұхамедова, Абай атындағы мектеп директорының орынбасары Жасұлан Бекентаев, №18 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зейнегүл Жұмаділқызы және Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлмира Тасанова қатысты.Отырысты басылымның бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы жүргізіп отырды. Әуелі қонақтарға «Қостанай таңының» төл жобасы «ТүзеТілді» айдарының «Ютуб» арнасындағы шығарылымы көрсетілді. Қостанай қалалық Тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің тапсырысымен былтырдан бері жарық көріп келе жатқан, қазақ тіліндегі қателіктерді сын тезіне алатын жобаға құрметті қонақтар жақсы бағасын берді. Бұдан соң меймандар тақырып төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды. Ұстаздар қауымы мектеп қабырғасында өскелең буынға қазақ тілін оқыту барысын жан-жақты сөз етті.«Қазақ ұлт болып мәңгі жасай беруі үшін алдымен тіл керек. Оны жас ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет. Өзім ұзақ жыл қазақ тілі пәнінің мұғалімі болғасын мұны ылғи назарда ұстап отырамын. Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне үлес қосатын ең әуелі мұғалімдер деп санаймын. Өкінішке қарай, ана тіліміз орыс мектептерінде 11 жыл оқытылса да, «сәлеметсіз бе?» мен «сау болыңыздан» басқа сөз үйренбей шығатындарды көріп жүрміз. Араларынан қаракөздерімізді көргенде тіптен жанымыз ауырады. Олар тұрмыстық тілмен бір ауыз сөз құрай алмайды деп айта аламын. Әрине, оң өзгерістер де бар шығар. Бастысы, мемлекет барынша мүмкіндік жасап жатыр. Дегенмен елеулі нәтижес көре алмай келеміз. Бұл, бір жағынан, мұғалімнің біліктілігіне де байланысты болса керек. Өйткені орыс сыныптарына сабақ беріп, оқушыларын жақсы тәрбиелеп шығып жатқан әріптестеріміз бар. Жалпы, мойнымыздағы міндетімізді жауапкершілікпен, жанашырлықпен атқаруға аянбай күш салуымыз керек», – дейді ұлағатты ұстаз Биялаш Балтақызы.«28 жылдық өтілі бар мұғаліммін. Біздің мектеп-гимназия облыстағы оқушылардың ең озаттарын жинап алған оқу ошағы делінеді ғой. Алайда, бәрібір, әлі күнге дейін балалар сабақтан тыс уақытта бір-бірімен орысша сөйлесуін қоймайды. Шығарма жаздырсам, көбі ең әуелі орысша ойланып алып, кейін қазақ тіліне аударып жазады. Ауызекі тілдегі «баратыр», «келятыр», «жүріпатыр» деп жазып әдеттеніп қалған оқушылар бар. Оларды қазақ тілінде таза, қатесіз сөйлеуді үйрету үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға тура келеді. Солардың ең тиімдісі – көзбен қабылдау дағдысы арқылы үйрету. Оның оң нәтижесін де үнемі көріп келемін. Сондай-ақ өзім сабақ беретін сыныптардың бәріне әр тоқсанда белгілі межеде кітап оқуға міндеттеймін. Жалпы, балалардың оқуға деген қызығушылығын оята алсақ, олар жиі ұрынатын қателіктер, сауатсыз жазу кемшіліктері өздігімен жойылар еді. Олардың болашағының іргетасын біз қалайтын болғандықтан, кәсіби міндетімізге ыждаһаттылықпен қарауымыз керек. «Ұстаздың жемісі – шәкіртінің жеңісі» деген нақыл соған саяды емес пе», – дейді Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия мұғалімі Гүлмира Тасанова.Бұдан кейін сөз алған басқа да өз ісінің кәнігі мамандары оқу процесіндегі кейбір келеңсіздіктер, оқушылардың тілге деген сауаттылығын арттырудағы қиыншылықтар, заманауи оқулықтардың сапасы туралы сөз қозғады. Бай тәжірибелерін, ықпалды әдістемелерін ортаға салды. Дайын маманның, болашақ білікті кадрдың қалыптасуына әуелі мектеп мұғалімдері міндетті екенін айтты. Соның ішінде, “оқырманды, халықты тәрибелейтін” келешек журналистердің ЖОО-ға, баспа мен телеарналарға сауатты тілші болып баруы да бала кезінде алған базалық біліміне тікелей қатысты екенін тілге тиек етті.
Облыс орталығындағы Абай атындағы орта мектеп директорының орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі “ТүзеТілді” жобасының болашағы зор екенін айтып, қаралымы мен таралымын көбейтуге кеңес берді.
“Қазақ тіліндегі қателіктерді талдап-тармақтап тәпсірлейтін бұл жобаны көп мақсатқа қолдануға болар еді. Мәселен, оны мектептерде көрсету керек. Түрлі мекеме-ұйым қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер назарына ұсынылса, тіл қолданысының дұрыс-бұрысын ұғындырып, көптің көзін ашуға ықпалы тиері сөзсіз. Мұны өңір мұғалімдері бас қосатын ауқымды жиындарда көрсетіп, жобаның мақсат-міндетін баяндап, таныстырып жіберсе де артық болмайды. Көпшілігінің “Ютуб” арнасындағы тұрақты көрермендеріңізге айналарына шүбә жоқ”, – деп лебізін айтты Жасұлан Қабыкенұлы.
Ашық диалог алаңында басылымның бас редакторы және газеттің қызметкерлері де ой-пікірлерін қосты.
Мақаланы толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков