Облыстық маңызы бар KAZ-19 автожолының Қостанай–Қарабұтақ бағытында күрделі жағдай орын алды деп хабарлайды облыстық Полиция департаменті.
Көршілес мемлекеттің 61 жастағы азаматы басқарған жүк көлігі қатты көктайғақ салдарынан рөлге ие бола алмай, жол жиегіне түсіп кеткен.
«Тайғақ жол мен қолайсыз ауа райы қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Қамысты ауданының патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел түрде жетті. Жол қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жүк көлігін жиекке шығаруға қажетті шаралар қабылданды», – дейді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Патрульдік полиция қызметкерлері мен бейжай қарамаған жүргізушілердің үйлесімді әрекеттерінің арқасында жүк көлігі қысқа уақыт ішінде жолға шығарылды. Жүргізуші аман-есен сапарын жалғастырды.
«Құрметті жолаушылар, әсіресе, қыс мезгілінде жолда барынша мұқият болып, жылдамдық режимін сақтап, қауіпсіздік шараларын қатаң ұстаныңыздар!», – деп ескертеді полиция.
