Қостанай қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары шағын бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы салық режимінің мөлшерлемесін 4 пайыздан 3 пайызға төмендету туралы шешімді қолдады.
Бұл бастама жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға, олардың қаржылық жүктемесін азайтуға және бизнестің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
«Шағын және орта бизнес – қаламыздың экономикалық тірегі. Салық мөлшерлемесін төмендету арқылы біз кәсіпкерлерге тыныс беріп, олардың әрі қарай дамуына мүмкіндік жасаймыз. Бұл қадам жаңа жұмыс орындарын ашуға, қызмет сапасын жоғарылатуға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді», – деді қалалық мәслихат төрағасы Омарғали Байғабылов.
Мөлшерлеменің 4 пайыздан 3 пайызға төмендеуі шағын дүкендер, сервис орталықтары, шеберханалар мен жергілікті өндіріс орындарына түсетін шығынды азайтады. Нәтижесінде кәсіпкерлер өз жобаларын дамытуға көбірек инвестиция салып, қызмет көрсету деңгейін арттыра алады. Бұл, ең алдымен, Қостанай қаласының тұрғындары үшін тиімді болмақ.
