Қостанай облысында рақымшылық аясында салық саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша 76 әкімшілік іс тоқтатылды Фото ЖИ

Қостанай облысында рақымшылық аясында салық саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша 76 әкімшілік іс тоқтатылды

Қостанай облысында салық саласындағы жекелеген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылық жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес 2026 жылғы 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында елімізде әкімшілік рақымшылық жүргізілуде. Оның аясында салық және кеден заңнамасы саласындағы жекелеген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдар да рақымшылыққа жатады.

Қазақстанда әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты рақымшылық алғаш рет қолданылып отыр. Ол мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары салған әкімшілік айыппұлдарға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға және заң консультанттарына қолданылады.

Рақымшылық салық органдарында тіркеуге уақтылы тұрмау, арнаулы салық режимдерін қолдану, салық есептілігін ұсыну, бақылау-касса машиналарын пайдалану, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары қараған кеден ісі саласындағы жекелеген әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылады.

Сонымен қатар, рақымшылық заңды тұлғаларға, лауазымды адамдарға, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 275, 277 және 278-баптарында көзделген салық салу объектілерін жасыруға, салықтарды төлеуден жалтаруға және салық сомаларын кемітіп көрсетуге байланысты құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.

Рақымшылық мемлекеттік кірістер органдары салған және 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша толық немесе ішінара төленбеген, сондай-ақ Заң талаптарына сәйкес келетін әкімшілік айыппұлдарға ғана қолданылады. Соттар салған әкімшілік айыппұлдар рақымшылыққа жатпайды.

Рақымшылық автоматты түрде қолданылады. Ол үшін мемлекеттік кірістер органдарына өтініш берудің қажеті жоқ. Айыппұл салу туралы қаулылардың орындалуы және осындай істер бойынша атқарушылық іс жүргізулер мемлекеттік кірістер органдары тарапынан өздігінен тоқтатылады.

Бүгінгі күнгі жағдай бойынша Қостанай облысының мемлекеттік кірістер органдары 76 әкімшілік іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты. Есептен шығаруға жататын әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 3,2 млн теңгені құрады.

Заңды іске асыру жұмыстары жалғасуда және 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.