Федоров ауданының екі ауылы табиғи газға қол жеткізді

Федоров ауданының екі ауылы табиғи газға қол жеткізді

Бүгін Федоров ауданының Лесной және Березов ауылдарына көгілдір отын берілді. Лесное ауылындағы газ құбырын салтанатты іске қосу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып, тұрғындарды көптен күткен қуанышымен құттықтады.

Қос ауылға табиғи газ тарту жұмысы 2024 жылғы тамызда басталған-ды. Нәтижесінде 40,6 шақырымдық құбыр жүргізіліп, халық көгілдір отынды тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Мұнда жалпы саны 977 адам тұрып жатыр.blank

«Мемлекет басшысы халықты газбен қамтамасыз ету мәселесіне аса мән береді. Ауылдарға газдың келуі – үлкен өзгерістің бастауы. Біз тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға күш саламыз. Бүгінде облыс бойынша халықты газбен қамту көрсеткіші 60,4% деңгейінде. Оның ішінде қалада – 69,3%, ауылда – 17,4%.  Қаладағы газдандыру деңгейі жоғары көрсеткішке жетсе, ауылдық елді мекендерде бұл жұмыс жалғасуда. Кейінгі үш жылда (2023–2025 жж.) шамамен 8 мың адам газбен жабдықтау желісіне қол жеткізді», – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

blankblankЛесной ауылының тұрғындары ақжолтай жаңалықты ұзақ жылдан бері аңсап келгені рас. Ақыры көп тілеуі қабыл болып, табиғи газ әр шаңыраққа жылулық ала келді. Тіршілік қуаты ауыл халқының тынысын кеңейтіп, тұрмысын жеңілдете түсері анық. Екінші жағынан экологияға оңтайлы әсер етеді. Игі іске ризашылық танытқан жергілікті тұрғын Асхат Дощанов қуанышын жасырмады.blank

«Президентіміз әрқашан ауыл тұрғындарына жайлы жағдай жасау туралы айтып келеді. Біз бүгін ел үкіметінің қолға алған міндеттерінің айқын нәтижесіне көз жеткізіп отырмыз. Күні кеше ауылымызға сапалы ауыз су беріліп, енді табиғи газ тартылды. Жүзеге асып жатқан іс-шаралар үшін Мемлекет басшысына зор алғысымызды білдіреміз», – деді ол.

blankФедоров ауданында 44 ауыл бар. Соның бесеуінің халқы табиғи газбен қамтылған. Бүгіннен бастап бұл қатарға тағы екі ауыл қосылып отыр. Осылайша, аудан көлемінде жеті ауыл көгілдір отынның игілігін көрмек. Бұл – пайызға шаққанда, аудан халқын табиғи газбен қамту деңгейі 19%-тен 36 %-ке артты деген сөз.

blankБолашақта тағы екі ауылға газ беру жоспарланып отыр. Аудан әкімдігі мен «Капитал Партнерс Астана» ЖШС арасындағы меморандум шеңберінде алдағы уақытта Пешков және Владыкин ауылдары да өркениет көшіне ілеспек. Қазірдің өзінде Пешковта құрылыс жұмысы қолға алынды. Сондай-ақ 18 ауылда магистральдық және газ тарату желілерін жобалау жұмыстары басталды.blankblankСалтанатты іс-шарада газ тарту желісін іске қосу құрметі ауыл тұрғыны Асхат Дощанов пен жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Валентина Боровскаяға ұсынылды. Әрі қарай шашу шашылып, өнерпаздардың концертіне ұласты.blankblank

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ