Қостанай облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Автожолдарды жаңарту, елді мекендердің көлік қолжетімділігін арттыру және өңірдің логистикалық әлеуетін күшейту өңірлік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.
Соңғы жылдары автожол саласын қаржыландыру көлемі айтарлықтай артты. 2025 жылы жол инфрақұрылымын дамытуға 103 млрд теңге бөлінді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40%-ке көп, ал 2022 жылға қарағанда 2,6 есе жоғары көрсеткіш. Қаржыландырудың артуы облыс аумағында жол жөндеу жұмыстарын кең көлемде жүргізуге мүмкіндік берді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1 300 шақырым автожол жөнделді. Сонымен қатар елді мекендердің ішкі жолдарын жаңартуға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, облыстың 103 елді мекенінде 400-ден астам көше жөнделді, сондай-ақ ауылдық елді мекендерге апаратын 60-қа жуық кіреберіс жол ретке келтірілді.
Көше жөндеуге бөлінетін қаражат көлемі де едәуір артты. Егер 2022 жылы бұл мақсатқа 8,5 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы 29 млрд теңге қарастырылды. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 3,4 есе көп. Сонымен қатар көшелерді жөндеуге бөлінген қаражат көлемі еліміздің бірқатар басқа облыстарымен салыстырғанда 1,5–9 есе жоғары.
Өткен жылы облыс үшін маңызды бірнеше автожол учаскесінде жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Атап айтқанда, Арқалық қаласынан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі, Сарыкөл ауылынан Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі, Ұзынкөл – Троебратное автожолының учаскесі, Бестөбе ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі, сондай-ақ Тюнтюгур ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі жолдар толық жаңартылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыстың негізгі көлік байланыстары жаңартылып, өңіраралық қатынас жақсарды. Сонымен қатар жолдардың сапасы артып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс жағдайы қамтамасыз етілді.
Жол инфрақұрылымының дамуы өңір экономикасының өсуіне де оң әсерін тигізуде. Сапалы жолдар бизнес пен инвестиция тартуға, логистика мен транзиттік тасымалды дамытуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Қостанай облысында жол желісін жаңарту және дамыту жұмыстары жалғасын табатын болады.
Жанайым Балғынбекқызы,
ҚӨУ студенті
