Қостанай облысы 2025 жылдан бастап кадрларды Е-қызмет жүйесімен іріктейді 

Қостанай облысы 2025 жылдан бастап кадрларды Е-қызмет жүйесімен іріктейді 

Елімізде жас кадрларды мемлекеттік қызметке тарту қарқынды жүргізіле бастады. Алайда өңірдің кейбір тұстарында әлі де сұраныс жоқ емес. Мәселен, Б.Майлин, Жітіқара, Алтынсарин, Қостанай аудандарында бос орындар баршылық.

Тағы бір мәселе, коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық салаларында кадр жетіспеушілігі байқалады. Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңындағы баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әлия Оспанова айтып берді.

«Жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында шаралар қабылданды. Жоғары оқу орындарында болып, студенттермен кездесу өткіздік. Нәтижесінде Әулиекөл, Денисов, Қарабалық, Науырзым аудандары мен Арқалық, Рудный қалаларына бірқатары жұмысқа орналасты. Олар ол жерге қызметке орналасып қана қоймай , “Дипломмен, ауылға!” бағдарламасының аясында қаржылық қолдау алады», – деп атап өтті Әлия Серікбайқызы.

Былтыр осындай көмек он алты адамға берілсе, биыл да заңды жалғасын тапты. Брифингте осы саладағы пилоттық жоба жайлы да айтылады.

Бұл пилоттық апробация былтырғы наурыз айынан ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінде, Ақмола облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктерінде, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінде жүргізіле бастаған.

Жаңа формат мемлекеттік қызметке іріктеу процесіне барынша жеңілдетілген тәсілді көздейді.

««Е-қызмет» арқылы өтетін конкурстың жаңа рәсімі «адами фактордың» әсерін толығымен жояды. Иесіздендіру және анонимділікті қамтамасыз ету үшін жүйемен іріктеуден өту кезінде кандидаттарға сәйкестендіру нөмірі беріледі. Нәтижесінде пилоттық жобада конкурс жеңімпазы барлық кезеңдердің қорытындылары бойынша Жүйемен автоматты түрде анықталады және конкурстық комиссияның шешіміне тәуелді болмайды», – деді Әлия Оспанова.

Қазір бұл жүйеге кіргендердің тізімі қайта жаңарып жатыр. Қатарға Туризм және спорт министрлігі, Қарағанды, Павлодар облысының әкімдіктері қосылды. Қостанай облысы 2025 жылдан бастап қосылатын болды.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу