Қостанай облыстық тарихи өлкетану музейінің 110 жылдығына орай қолға алынған ауқымды жоба — “Музей керуені” жолға шықты.
Бұл жоба облыста музейі жоқ аудандарды аралап, тұрғындарды тарихи-мәдени мұралармен таныстыруды мақсат етеді.
Музей директорының орынбасары Эльмира Алшынбаеваның айтуынша, керуен бұған дейін Меңдіқара және Әулиекөл аудандарында болып, бүгін Сарыкөл өңіріне табан тіреді.

«Мақсатымыз — шалғай аудандардағы халықты музей қорындағы құнды жәдігерлермен таныстыру. Керуен арқылы келушілер полиантология, қола дәуірі, орта ғасырларға қатысты сирек экспонаттарды көзбен көре алады», — дейді ол.
Экспедицияның экскурсия жетекшісі Таңшолпан Мұхамеджанова келушілерге әр жәдігер туралы жан-жақты мәлімет беріп, тарих тереңіне үңілуге жол ашуда.
Айта кетейік, бұл шара Сарыкөлде өтіп жатқан халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған «Күмбірле, домбыра» атты күй байқауымен тұспа-тұс келіп отыр. Осылайша, мәдени бағыттағы екі ірі бастама ел руханиятына серпін беріп отыр.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Сарыкөл ауданы
