Қостанай әуежайында Q-Gate автоматтандырылған паспорттық бақылау жүйесі енгізілді

Қостанай әуежайында Q-Gate автоматтандырылған паспорттық бақылау жүйесі енгізілді

Қостанай әуежайында Q-Gate технологиясы енгізілген Қазақстандағы төртінші қала атанды. Жүйе паспорттық бақылаудан өтуді жеңілдетіп, халықаралық рейстер жолаушыларына қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайында жолаушылардың паспорттық бақылаудан өту үдерісін автоматтандыруға арналған Q-Gate жүйесі орнатылды.

Қостанай бұл технология енгізілген Қазақстандағы төртінші әуежай болды. Бұған дейін осындай жүйелер Астана, Алматы және Ақтау әуежайларында орнатылған болатын.

Алғашқы кезеңде Қостанай әуежайында халықаралық рейстермен келетін жолаушыларға қызмет көрсету үшін екі Q-Gate кабинасы орнатылды.

Автоматтандырылған паспорттық бақылау жүйесі құжаттарды тексеру үдерісін оңтайландырып, шекаралық бақылаудан өтуді жолаушылар үшін барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді. Мұндай шешімдерді пайдалану бақылау бекеттерінің өткізу қабілетін арттыруға, тиісті жағдайлар болған кезде күту уақытын қысқартуға және жолаушылар ағынын тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді.

Q-Gate жүйесін енгізу әуежай инфрақұрылымын жаңғырту және жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи технологияларын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайы басқарма төрағасы Асқар Бекбосыновтың айтуынша, алдағы уақытта жүйені пайдалану аясы кеңейтіледі.

«Қазіргі уақытта келу рейстерінің жолаушыларына қызмет көрсету үшін екі Q-Gate кабинасы орнатылды. Халықаралық залды реконструкциялау аясында ұшып шығатын жолаушыларға арналған жүйені де орнату жоспарланып отыр. Бұл автоматтандырылған бақылау мүмкіндіктерін кеңейтіп, жолаушыларға қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді», — деді Асқар Бекбосынов.

Алдағы уақытта цифрлық шешімдерді дамыту әуежайға жолаушыларға көрсетілетін қызметтерді кезең-кезеңімен жетілдіруге, инфрақұрылымды пайдалану тиімділігін арттыруға және саяхатшылар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.