Қоңыр үнге ұйыған Федоров

Қоңыр үнге ұйыған Федоров

Федоровтық өзге ұлт өкілдері қазақтың төл өнеріне деген қызығушылығымен ерекшеленіп келеді. Қазір ауданда түрлі мамандық иелері мен сан алуан ұлт өкілдері домбыраға деген сүйіспеншіліктерін танытып, күй шертіп үйренуде.

Аудандық мәдениет үйінің шығармашылық жетекшісі Наталья Ермак алғаш рет қолына домбыра алған кезін былай деп еске алады:

– Ең алғаш үйренгенім – «Тепеңкөк» күйі болатын. Оған шамамен екі аптадай уақыт жұмсадым. Кейін орындау техникасына машықтана бастадым. Негізі бәрі қызығушылықтан басталды. Әуелде «қолымнан келмейді-ау» деген күмән болды. Бірақ домбыраның үні жүрегімді жаулап алғаны соншалық, тез-ақ үйреніп кеттім, – дейді ол.

Федоров ауданында әр жастағы, түрлі мамандық иелері арасында күй шертуді үйреніп жүргендер аз емес. Олардың қатарында студенттерден бастап, көлік жүргізуші, мәдениет қызметкерлері мен әкімдік мамандарына дейін бар.

– Домбырашылардың қатарын әртүрлі салада қызмет ететін мамандар құраған. Бүгінде олар «Тепеңкөк» күйі мен Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін еркін ойнай алады. Қазірдің өзінде репертуарларында 3-4 күй бар. Былтыр “домбыра күні” мерекесіне орай 140 домбырашы шыққан. Соның ішінде 70-80 адам өзге ұлт өкілі болған. Бүгінде солардың 20-21 адам домбыраны жақсы меңгеріп отыр. Болашақта домбыра тартатын өзге ұлт өкілдерінің қатарын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Жаркөл» этно-мәдени ансамблінің жетекшісі Жандос Мырзахметов.

Айрықша назар аудартатын жайт – күй шертіп жүргендер арасында солақай домбырашылардың болуы. Солардың бірі – аудан әкімдігінің жетекші маманы Дарья Тимченко.

– Мен жеті жыл бойы музыкалық мектепте гитара ойнауды меңгердім. Ал домбырада күй шерту өнерін «Жастар» үйінде үйрендім. Музыкалық білімім бар болғандықтан, домбыра тартуға көп уақыт жұмсаған жоқпын. Енді, алдағы уақытта домбыраны кәсіби деңгейде меңгерсем деген арманым бар, – дейді ол.

Этно-ансамбль жетекшілерінің айтуынша, алдағы жылдары домбыра үйренушілер қатары арта түседі. Өйткені ұлттық аспапқа қызығушылар саны күн санап көбейіп келеді.

 

Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Федоров ауданы

Жаңалықтармен бөлісу