Қиындықты ел болып еңсереміз

Қиындықты ел болып еңсереміз

Табиғаттың тосын құбылыстары сын-қатерлерге толы екені адамзат баласына әлімсақтан белгілі. Соның бір көрінісі – биылғы көктемгі су тасқыны. Екпіні қатты тасқын су еліміздің біраз өңірлерін әбігерге салып отыр. Ол туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп, естіп, біліп отырмыз.

Көктемгі алапат су тасқынына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Үндеу жасады. Президентіміз көктемгі су тасқынында ең алдымен елдің, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы жауапты тұлғалар мен тиісті орындарға тапсырма берді. Су тасқынынан зардап шеккен халыққа табиғи апат салдарынан келтірілген шығындарды өтеу жолында жан-жақты көмек болатынын, одан ешкім де шет қалмайтынын, үй-жай, мал, дүние-мүліктерінің бәрі қалпына келтірілетінін айтты. Бұл елге үлкен бір серпіліс, қолдау деп есептеймін.

Мен жасым жетпістен асса да осындай алапат су тасқынын көрмеген екенмін. Тасқын су жылда келгенмен дәл бұлай болмайтын. Қауіп әлі де толық сейілген жоқ.

Тасқыннан Торғай өңірінің тұрғындары да көп зардап шекті. Қаншама адамдарға жылдар бойы қоныстанған, еңбек етіп, шаруасын күйттеген атақонысмекен-жайларын тастап кетуге тура келді. Су құрсауында қалған елдімекен тұрғындары құтқарушылардың көмегімен қауіпсіз жерге көшіріліп, уақытша тұрақтау орындарына орналастырылды. Оларға үкімет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, әлеуметтік-материалдық көмектер беріліп жатыр. Баспанасыз қалған жандарға жалпы ел болып көмектесіп жатыр.

Еліміз барда біз қиындықты еңсереміз. Ел бірлігі еңсе көтеріп, лайым жақсы да жаймашуақ күндерді көре берейік.

 

Ахметқали Нұржанов,

зейнеткер, мемлекеттік қызмет ардагері.

 

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу